ТҮРКІСТАНДАҒЫ ЖОЛДАРДЫ ЖАҚСАРТУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ

Көлік авариялары техногенді сипаттағы төтенше жағдай. Оны алдын алу үшін жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жолда жүру ережесін біліп, жауапкершілікті сезіне білулері бағытында профилактикалық жұмыстардың маңызы зор. Сонымен қатар жол сапасын жақсарту жұмысына ден қойылу керек. Осы бағытта Түркістандағы жолдарды жақсартуға басымдық беріледі.

Биыл облыс орталығы ретінде Түркістан қаласындағы жолдардың жағдайын жақсартуға басымдық берілмек. Сонымен қатар  үлкен елдімекендерді «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізімен қосатын жолдар мен туристік бағыттағы жолдардың жағдайын жақсартуға екпін түсіріліп отыр. Соған орай облыстағы ірі жобалардың бірі  «Түркістан-Шәуілдір» бағытындағы ұзындығы 64 шақырымдық жолдың 35 шақырымында қайта құру жұмыстары жүруде. Кентау қаласынан Түркістанға кіреберіс 26 шақырым жолды қайта құру жұмыстары да орындалуда. Бұл нысандар 2023 жылы толық пайдалануға тапсырылады.

Бұл туралы Түркістан облысы  жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов мәлімдеді,-деп хабарлайды uakit.kz.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы Сауран ауданын облыс орталығы Түркістан қаласымен қосатын Шорнақ, Майдантал, Қарашық, Жүйнек, Қарнақ елдімекендерінен өтетін жолдарға жөндеу жұмыстары атқарылды. Жыл соңына дейін 66,8 шақырымы толық пайдалануға беріледі.

Жалпы ел экономикасының дамуына жол жағдайы тікелей байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында жол жағдайын жақсартуға басым бағыттар беруінің себебі де  осы. Сонымен қатар жолдағы қауіпсіздік жағдайы да елдің даму көрсеткішінде басты критерийлердің бірі болып табылады.

Өкінішке орай республика аумағына жыл сайын 13 мың жол-көлік оқиғалары тіркеледі екен. Тіркелген жол-көлік оқиғаларының салдарынан 2 мыңнан астам адам қаза табады. Бұл деректерді еліміздің Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді. Ведомства басшысы биыл жол-көлік оқиғасы өткен жылмен салыстырғанда 14 пайызға артқанын алға тартады. Тиісінше қаза тапқандар мен жарақат алғандар да көбейіп отыр.  Жол апаты жиі тіркелетін өңірлер қатарында Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары тұр. Аталған өңірлерде елімізде тіркелген жол-көлік оқиғаларының 56 пайызы, жарақат алғандардың 55 пайызы, қаза тапқандардың 41 пайызы тиесілі болып отыр.

Өз кезегінде Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов биыл Түркістан облысында облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 92%-ға арттыру жоспарланғанын айтты.

Айта кетейік, өңірде автомобиль жолдары мен елдімекен көшелерінің ұзындығы 17 509,5 шақырымды құрайды. 2022 жылғы жоспарға сәйкес, автомобиль жолдары саласы бойынша өңірде 779 нысанға құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Оның ішінде 52 облыстық, 42 аудандық, елдімекен көшелерінен 685 маңызды нысан бар. Жыл соңында 703 нысан немесе 1467,3 шақырым жол мен көше пайдалануға тапсырылмақ.

Аталмыш жұмыстардың нәтижесінде жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 87%-дан 92%-ға арттыру жоспарлануда. Жалпы, облыста сапалы жолдардың үлесін 2025 жылға дейін 99,5%-ға жетеді деп күтілуде.