ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 232,5 МЫҢ АДАМ АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК АЛДЫ

2025 жылғы 1 мамырға 43,4 мың отбасындағы 232,5 мың адамға 10,4 млрд сомасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. 2025 жылы осы мақсатқа бюджеттен 132,9 млрд теңге қарастырылды.

Бұрын хабарланғандай, АӘК-нің негізгі мақсаты — ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.

АӘК мыналарды көздейді:

— табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;

— табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. 2025 жылғы 1 мамырға АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 74,4 мың балаға 1,4 млрд теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;

— жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.

— Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады, — делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстандағы кедейлік шегі өңірлік медиандық табыстың 35% деңгейінде, бірақ өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-нан төмен емес деңгейде айқындалған.