АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САНАҒЫН ӨТКІЗУГЕ 3,7 МЛРД ТЕҢГЕ ҚАРЖЫ ЖҰМСАЛАДЫ

Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізуге 3,7 млрд теңге сомасында қаржы бөлінді. Бұл туралы ҚР Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев айтты.
— Бөлінген бюджет мәселесіне келсек, санақ жұмысы республикалық бюджеттен 2025 жылға 3,7 млрд. теңге сомасында қаржыландырылады. Бір респонденттің құны 3,2$. Шығындардың негізгі бөлігі техникалық қолдау мен еңбекақыға байланысты, — деді ол ОКҚ алаңында.
Сондай-ақ спикер санаққа қанша интервьюер тартылатынын атап өтті.
— Санақ жүргізу үшін біз жұмыссыз азаматтар мен студенттер қатарынан, сондай-ақ конкурстық іріктеуден және арнайы оқытудан өткен барлық ниет білдірген азамат санатынан 3700-ден астам адамды интервьюер ретінде жұмысқа тартуды жоспарлап отырмыз, — деді Мақсат Тұрлыбаев.