КАСПИЙ ТЕҢІЗІНІҢ ТАЯЗДАНУ СЕБЕБІ АТАЛДЫ

Каспий теңізінің таяздануы – климаттың өзгеруінің салдары, бұл құбылыс Волга өзеніндегі су ағысын реттеумен байланысты емес. Бұл мәселені шешу үшін теңізбен шектесетін бес елдің бірлескен әрекеті қажет. Бұл туралы РИА Новости агенттігіне Ресейдің су ресурстары агенттігінің (Росводресурсы) басшысы Дмитрий Кириллов мәлімдеді.

«Каспий теңізінің таяздануын Волга мен су қоймаларын реттеумен байланыстыру – ең жеңіл түсіндіру жолы. Бірақ бұл шындыққа онша сәйкес келмейді немесе мүлдем олай емес. Бұл жағдайға көптеген факторлар әсер етеді – жауын-шашын мөлшері, климаттың өзгеруі, температураның көтерілуі және соның салдарынан теңіз бетінің булануының артуы», – деді су ресурстары жөніндегі ресейлік сарапшы.

Оның айтуынша, Каспий теңізінің таяздануы мәселесін шешу үшін жағалауда орналасқан мемлекеттердің бірлескен күш-жігері қажет.

«Бейімделу шаралары жан-жақты. Бұл жағалау аймақтарына да, шөлейттену мәселесіне де, су ресурстарын тұрақты басқаруға да қатысты», – деді Росводресурстар басшысы.

Кирилловтың айтуынша, ағын суларды тұрақты реттеу тек Волга өзенімен шектелмеуі тиіс, өйткені Каспий теңізіне бес елдің аумағымен өтетін 30-ға жуық өзен құяды.

Каспий теңізі бес мемлекеттің – Әзербайжан, Иран, Түрікменстан, Қазақстан және Ресейдің – жағалауын шайып жатыр.