ТАЛАП ПЕН ТӘРТІП – ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ КЕПІЛІ

Түркістан қаласында мектеп бітіруші түлектер үшін ең жауапты кезең – соңғы қоңырау мен бітіру кешіне дайындық басталды. Биыл 3069 оқушы 11-сыныпты тәмамдап, үлкен өмірге қадам басқалы отыр. Осыған орай, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тәрбиелік маңызы жоғары іс-шараларды мән-мағынаға толы етіп өткізу мақсатында арнайы талаптар бекітілді.
Қала әкімдігі мен білім бөлімі ұйымдастырған жиналыста Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы және білім бөлімінің басшысы Бақытжан Нұрмаханбетұлы мектеп басшыларымен жүздесіп, оқу жылын сәтті әрі тәртіппен аяқтау жолдарын нақтылап берді. Екіжақты диалог барысында жауапты тұлғаларға түлектерге қатысты өткізілетін іс-шаралардың бірыңғай тәртіппен, бекітілген ережеге сай ұйымдастырылуы міндеттелді. Қала әкімдігі мен білім басқармасы бітіру маусымына орай бірқатар тыйым салынған әрекеттерді нақты атап өтті. Олар — ата-аналардан ақшалай қаражат жинау, мұғалімдер мен әкімшілік қызметкерлерге сыйлықтар ұсыну, аниматорлар, жеке студиялар, агенттіктерді іс-шараға тарту, артық сән-салтанатпен өтетін бітіру кештері (сыныпты безендіру, ерекше киіну және т.б.), аспанға шар ұшыру, дастархан жаю, мерекелік үстел ұйымдастыру, қала бойынша жалдамалы көліктермен экскурсиялар өткізу, бітіру кешін мейрамхана, кафе және ойын-сауық орталықтарында өткізу. Бұл шектеулер оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, мектеп бітіру мәдениетін біріздендіруге бағытталған. Әкімдік пен білім бөлімі мектеп әкімшілігіне ата-аналар мен оқушыларға түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.
Бітіруші түлектерге арналған іс-шаралар тек мектеп аумағында, қалыпты және тәрбиелік маңызы жоғары форматта ұйымдастырылуы тиіс. Табиғат аясында немесе ойын-сауық орталықтарында жасалатын кездесу, серуен және тойлау шараларына қатаң тыйым салынған. Сонымен қатар, полиция қызметкерлеріне рейдтік іс-шаралар ұйымдастыру тапсырылып, жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті бақылау жұмыстары күшейтілуде. Мектеп бітіру – әр жасөспірімнің өміріндегі маңызды белес. Бұл кезеңде тәртіп пен жауапкершілік, сыпайылық пен қауіпсіздік бірінші кезекке шығуы тиіс. Түркістан қаласының әкімдігі мен білім бөлімі осыны басшылыққа ала отырып, оқушылардың есінде ұзақ сақталатын, мазмұны бай, қарапайым әрі тәрбиелік мәні терең бітіру мерекесін өткізуді көздейді. Осындай нақты талап пен үйлесімді ұйымдастыру арқылы қала басшылығы жас ұрпақтың тәрбиесін, қауіпсіздігін және қоғамдағы жауапкершілігін арттыруды мақсат етіп отыр.