ТҮРКІСТАНДА ТАҒЫЛЫМДЫ ШАРА ӨТТІ

Түркістан қаласында балалардың жол қозғалысы ережелерін меңгеріп, көшеде қауіпсіз жүріп-тұру мәдениетін қалыптастыру бағытында маңызды шара өткізілді. Қалалық білім бөлімі мен қалалық Полиция басқармасының бірлесуімен ұйымдастырылған «Жол қозғалысының жас инспекторлары» республикалық байқауының қалалық кезеңі өз мәресіне жетті.

Бұл байқау – тек жарыс емес, ең алдымен жас ұрпақты тәртіпке, жауапкершілікке және қауіпсіздік мәдениетіне баулуға бағытталған игі бастама. Шараның ашылу салтанатында Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Бақытжан Нұрмаханбетұлы мен қалалық Полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Алмас Келдібекұлы сөз сөйлеп, жас қатысушыларға сәттілік тілеп, олардың қоғам қауіпсіздігіне қосар үлесінің маңызын атап өтті, Байқау барысында оқушылар жол жүру ережелерін практикалық және теориялық түрде көрсетті, сахналық қойылымдар мен үгіт-насихат жұмыстарын ұсынды, өздерінің шығармашылық және командалық қабілеттерін ортаға салды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге келсек, бас жүлде – С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейінің «Қауіпсіз бағыт» тобына бұйырды. ІІ орынды – Төле би атындағы №19 жалпы білім беретін мектебінің «Айбат» тобы, ІІІ орынды – Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясының «Сапар сақшылары» тобы мен Ә.Науаи атындағы №13 мектеп-гимназиясының «Жас инспекторлар» тобы иеленді. Байқау қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер қалалық Полиция басқармасының мақтау қағаздарымен, арнайы медальдарымен және естелік сыйлықтарымен марапатталды. Бұл байқау арқылы оқушылар тек жол ережелерін үйреніп қана қоймай, қауіпсіз жүріп-тұруды өмірлік әдетке айналдырудың маңызын түсінді. Түркістан қаласындағы бұл игі бастама – жастарды тәртіпке, сақтыққа және азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеудің нақты үлгісі.