ТҮРКІСТАНДА II ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТҮРКІ ӘЛЕМІ СӘУЛЕТШІЛЕРІ МЕН РЕСТАВРАТОРЛАРЫНЫҢ СИМПОЗИУМЫ БАСТАЛДЫ

2025 жылғы 10–11 маусымда Түркістан қаласында (Қазақстан) Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Түркі өркениетінің ескерткіштері: зерттеу, сақтау және қалпына келтіру әдістері» тақырыбында Түркі әлемінің сәулетші-тарихшылары және реставраторларының II Халықаралық симпозиумы өтті.

Іс-шара түркі өркениетінің сәулет ескерткіштерін зерттеу, сақтау және қалпына келтіру мәселелеріне арналды. Симпозиумның мақсаты – түркі мемлекеттерінен келген сәулетшілер, реставраторлар, ғалымдар мен сарапшылар арасында тәжірибе алмасуға арналған кәсіби алаң құру.

Симпозиумның салтанатты ашылуына Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, ICESCO-ның мұра жөніндегі сарапшысы Осама Эльнахас,  Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері мен халықаралық сарапшылар қатысты.

Пленарлық отырыс аясында Түркі мемлекеттерінің ғылыми мекемелерінің өкілдері баяндама жасады. Архитектуралық мұраны зерттеуде заманауи технологияларды қолдану, қалпына келтіру әдістері, дәстүрлі құрылыс материалдары және климаттық жағдайлардың ескерткіштердің сақталуына әсері тақырыптарына ерекше назар аударылды.

Симпозиум жұмысы «Түркі өркениетінің ескерткіштерін зерттеу мен тарихи-мәдени маңызы» және «Сәулет ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру» тақырыптарындағы панельдік сессиялармен жалғасты. Қатысушылар түркі өркениетінің ескерткіштерінің тарихи-мәдени маңызын, реставрация саласындағы цифрлық шешімдерді, алдын алу консервациясы мен мәдени мұраны сақтаудағы пәнаралық тәсілдерді талқылады. Өз тәжірибелерімен Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Мажарстан елдерінің мамандары бөлісті.

Симпозиум аясындағы маңызды оқиғалардың бірі – ұлы энциклопедист Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегінің 950 жылдығына арналған көрме және Х.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет орталығында өткен «Мың заман – бір Түркістан» музыкалық қойылымы болды.

Симпозиум бағдарламасына Отырар ауданына бару және Арыстан баб пен Қожа Ахмет Ясауи кесенелерін аралау сапары да енгізілді. Бұл қатысушыларға түркі сәулет өнерінің тірі үлгілерімен жақын танысуға мүмкіндік берді.

Іс-шара түркі дүниесінің ортақ мұрасын сақтау және дәріптеу саласындағы ғылыми және тәжірибелік ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосты.