ТАҒЫ БІР ЕЛДІ МЕКЕН КӨГІЛДІР ОТЫНҒА ҚОСЫЛДЫ

25
0

Түркістан облысы Ордабасы ауданында халықты табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Соңғы жылдары нақты және жүйелі шаралардың арқасында аудан тұрғындарының тұрмыс сапасы едәуір жақсарып, «көгілдір отынға» қол жеткізген елді мекендердің саны артып отыр.

Жуырда ғана Шұбар ауылдық округіне қарасты Тоқсансай, Береке және Сарытоғай ауылдарына табиғи газ жеткізіліп, тұрғындар алғаш рет үй жағдайында газ пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Бұл – тек тұрғындардың тұрмыстық жайлылығын арттырып қана қоймай, өңірдің инфрақұрылымдық дамуына да серпін беретін маңызды қадам. Газ беру рәсіміне аудан әкімі Азат Оралбаев пен облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын көптен күткен қуанышпен құттықтады. Салтанатты жиында аудан басшысы бұл жетістікке облыс басшылығы мен депутаттардың айрықша қолдауының арқасында қол жеткізілгенін атап өтті. «Бұл – бір күнде жүзеге аса салатын шаруа емес. Жоспарлы, жүйелі және жауапты еңбектің нәтижесі. Осы жобаны іске асыруда барша құрылысшылар мен жергілікті әкімдіктердің де үлесі зор», – деді Азат Оралбаев өз сөзінде. Ал Дулат Әбіш бұл жобаның Мемлекет басшысының халықты газдандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асқанын жеткізіп, ауыл халқына шынайы тілегін арнады.

Ордабасы ауданында газдандыру жұмыстары 2021 жылы мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлініп, қарқын алды. Содан бері аудан әкімінің үйлестіруі мен бақылауының арқасында елді мекендерді кезең-кезеңімен газға қосу жұмыстары жолға қойылды. Нәтижесінде 2021 жылы ауданның газбен қамтылу деңгейі 15,7% болса, 2023 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 63,1%-ға жетті. 57 елді мекеннің 36-сы табиғи газға қосылып отыр. Бұл – облыс көлеміндегі ең жоғары өсімдердің бірі. Бұдан халықтың өмір сүру сапасы артып қана қоймай, экологиялық және экономикалық тиімділік те қамтамасыз етіледі. Көмір мен отынға тәуелділік азайып, тұрғындардың шығындары қысқарады. Алдағы маңызды кезеңдердің бірі – Шұбарсу ауылын газдандыру. Ауылға газ жеткізетін магистральді құбырдың құрылысына биыл бастама беріліп, бастапқы қаржы қарастырылған. Жобаны іске асыру жұмыстары кезең-кезеңімен басталады. Сонымен қатар, аудан бойынша өзге де елді мекендерде тиісті жұмыстар атқарылып, келесі 2 жылда Ордабасы ауданын 100% газбен қамту көзделіп отыр. Бұл – әкімдіктің алға қойған стратегиялық міндеттерінің бірі.

Газ тартылған ауылдарда ендігі жауапты міндет – жеке тұрғын үйлерді газға қосу. Бұл ретте аудан басшысы ауыл округтері әкімдеріне нақты тапсырма беріп, халыққа түсіндіру, бағыт-бағдар көрсету, құжаттандыру мен техникалық жұмыстарға қолдау білдіруді жүктеді. Мемлекет тарапынан қолдаудың барын ескере отырып, тұрғындар да бұл игілікті тиімді әрі қауіпсіз пайдалануға ұмтылуы тиіс. Қауіпсіздік техникасын сақтау, арнайы мамандарды тарту және заңдастыру – басты талап. Ордабасы ауданындағы газдандыру жұмыстары – тек инженерлік инфрақұрылым жобасы ғана емес, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған нақты саясат. Көп жыл бойы көмір жағып, отын тасып келген ауыл халқы үшін бұл – тұрмысты түбегейлі өзгертетін мүмкіндік. «Көгілдір отын» – тек жылу мен жарық көзі ғана емес, болашаққа бағытталған сенімді қадам. Ордабасының әрбір ауылына газ жеткен сайын, өңірдің әлеуеті артып, халықтың әл-ауқаты жақсара түспек.