ӘЛЕУМЕТТІК ТҰРАҚТЫЛЫҚ – НАҚТЫ БАҚЫЛАУДАН БАСТАЛАДЫ

Түркістан облысында әлеуметтік сала – денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау – өңірлік саясаттың басты бағыты саналады. Осы мақсатта облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың Келес және Сарыағаш аудандарына жасаған іссапары әлеуметтік инфрақұрылымның жай-күйін бағалау мен тұрғындармен тікелей диалог орнатуға бағытталған маңызды шара болды.

Сапар аясында Жүзімдік дәрігерлік амбулаториясы мен Бесқұбыр бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымының құрылысы тексерілді. Бұл – ауыл халқы үшін үлкен маңызға ие нысандар, себебі олар іске қосылған соң тегін медициналық қызметтерді тікелей ауыл ішінде алуға мүмкіндік береді. Б.Тәжібаев нысандардың сапасы мен мерзімі бойынша нақты тапсырмалар беріп, құрылыстың формалды емес, нәтижелі жүргізілуі қажет екенін қадап айтты. Осыған қоса, «Абай» Келес аудандық ауруханасы мен «Жаңақоныс» фельдшерлік-акушерлік пунктінің жұмысы зерделенді. Бұл жерде облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен жедел жәрдем станциясы басшылары, жергілікті медицина қызметкерлері де қатысып, медицина саласындағы өзекті сұрақтар мен шешім жолдары талқыланды. «Халық кез келген медицина ұйымын еркін таңдап, қызмет алуына құқылы. Заңбұзушылық болмауы тиіс», – деді Бейсенбай Тәжібаев.

Сапар барысында Сарыағаш ауданындағы №9 Майлықожа мектебінің күрделі жөндеу жұмыстары да басты назарда болды. 1986 жылы салынған мектеп бүгінде 824 оқушыға лайықталған, күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Құрылыс 25 мамырда басталып, тамыздың соңында аяқталуы тиіс. Облыс әкімінің орынбасары мердігер мекемеге құрылыс сапасы, қауіпсіздігі және уақтылы аяқталуы бойынша қатаң талап қойды. Бұл – тек ғимарат салу емес, балалар болашағына салынған инвестиция екені ерекше атап өтілді. Келес ауданындағы Отбасын қолдау орталығының жұмысымен танысу – Б.Тәжібаевтың сапарының маңызды бөлігінің бірі. Бұл мекеме аз қамтылған, көпбалалы және ерекше қажеттілігі бар баласы бар аналарға кешенді қолдау көрсетуге бағытталған. 2024 жылдың 1 маусымындағы мәлімет бойынша 293 адам орталыққа жүгінген. 481 әлеуметтік қызмет көрсетілген. Консультациялар, әдістемелік көмек, психологиялық және құқықтық кеңестер қамтылған. Бұл орталықтар – әлеуметтік әлсіз топтарды қолдаудың нақты құралына айналып отыр. Әсіресе, әйелдер мен балаларға бағытталған бұл бастама мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижеге бағытталғанын көрсетеді. Іссапар барысында инвестор Ж.Мелдешовпен кездесіп, өңірлік инвестициялық жобалар да талқыланды. Бұл кездесу жергілікті деңгейде инвесторлармен тікелей жұмыс жүргізу тетігінің бар екенін көрсетеді. Жаңа әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар тек бюджет есебінен ғана емес, жеке капитал арқылы да жүзеге асуы – даму тұрақтылығының тағы бір тетігі.

Түркістан облысы әкімдігінің әлеуметтік саясатты нақты іс арқылы жүзеге асыруы – өңірлік басқарудың тиімділігінің айқын мысалы. Бейсенбай Тәжібаевтың сапары – проблемаларды кабинеттік деңгейде емес, нақты жерде барып анықтау, жауапты басшыларды тыңдап, халықпен бетпе-бет жүздесу тәжірибесін нығайта түсті. Денсаулық сақтау, білім беру және отбасылық қолдау жүйесін нығайту – облыстың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына қызмет ететін стратегиялық бағыттар. Осы бағыттағы әрбір сапар, әрбір шешім – тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін нақты қадам.