ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ МӘСЕЛЕСІ – БАСТЫ НАЗАРДА

Сайрам ауданының білім бөліміне қарасты «Оқу-өндірістік комбинаты» базасында Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі тұрғындарды қоғамдық қабылдау форматында қабылдап, еңбекке қатысты мәселелерді талқылады.
Бұл қабылдау — еңбек адамымен бетпе-бет жүздесіп, көкейіндегі сауалға нақты жауап беруді мақсат еткен бастамалардың бірі. Қоғамдық диалогқа негізделген мұндай кездесулер жүйелі әлеуметтік қорғау саясатының өмірде нақты іске асып жатқанын көрсетеді. Қабылдауға келген азаматтар еңбек қатынастары, әлеуметтік құқықтар, жұмыс жағдайы және кәсіподақ жұмысы жөніндегі түрлі сұрақтарын қойды. Әрбір мәселе жеке тыңдалып, кәсіби құқықтық кеңес берілді. Бердіғали Өмірәлі өз сөзінде: «Кәсіподақ – тек ұжымдық келісім жасаумен шектелетін құрылым емес. Бұл — әрбір еңбек адамының сенімді қорғаушысы. Біз әрбір мүшеміздің мәселесін назардан тыс қалдырмаймыз», – деп атап өтті. Ол кейбір көтерілген мәселелер қосымша зерделеуді қажет ететінін, сол себепті жеке бақылауға алынатынын жеткізді.
Қоғамдық қабылдауда қозғалған мәселелердің негізгі бағыттары — еңбек келісімшарттарының орындалуы, жұмыс орнындағы қауіпсіздік пен еңбек жағдайы, мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктері, қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы даулы жағдайлар, кәсіподақ мүшелерінің құқықтық қорғалуы. Бұл — қазіргі еңбек нарығында жұмысшының құқықтық сауаттылығын арттырудың, әділетті еңбек қатынасын қамтамасыз етудің өзекті мәселелері екенінің дәлелі. Кездесу барысында Бердіғали Өмірәлі кәсіподақ ұйымының басты миссиясы – еңбек адамының лайықты өмір сүруіне жағдай жасау екенін тағы бір мәрте атап өтті. «Әлеуметтік әріптестік – еңбек дауын ушықтырмай шешудің ең тиімді жолы. Ал кәсіподақ осы үдерістің белсенді тетігі болуы тиіс. Біз жұмысшының үнін билікке жеткізіп, оның заңды құқығын қорғауға әрдайым дайынбыз», – деді ол.
Сайрам ауданында өткен қоғамдық қабылдау еңбек адамына нақты қолдау көрсетудің жарқын үлгісі болды. Кәсіподақ ұйымының жұмысы тек ұжымдық келісім-шарт жасаумен шектелмей, нақты әлеуметтік көмек пен заңдық қолдауды ұсынуға бағытталып отырғаны – бүгінгі заман талабына сай ұстаным. Мұндай шаралар кәсіподақ пен қоғам арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, азаматтардың мемлекеттік және қоғамдық институттарға деген сенімін арттырады.