ҚИЫН ЖАҒДАЙДАҒЫ ОТБАСЫЛАРҒА ЖАН-ЖАҚТЫ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ

Қоғамның іргетасы — отбасы. Осы қағидатты басшылыққа ала отырып, Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде 2024-2025 жылдары барлық аудан мен қалаларда «Отбасын қолдау орталықтары» ашылды. Бүгінде өңірде 17 орталық жұмыс істеп тұр, олардың басты мақсаты — отбасылық институтты нығайту, әлеуметтік осал топтарға көмек көрсету және қоғамдағы келеңсіз жағдайлардың алдын алу.
Бұл бастама — әлеуметтік саясаттың жаңа кезеңге өткенінің дәлелі, себебі мәселенің бетімен кетуіне жол бермей, алдын алу тетіктерін нақты жүйелеу қолға алынды. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте орталықтардың материалдық-техникалық базасын нығайту, интернетке қолжетімділігін арттыру, жеке ғимаратпен қамту және мамандардың біліктілігін жетілдіру секілді маңызды бағыттар талқыланды. Зерделеу нәтижесінде, бірнеше жүйелі мәселе анықталды. Олар — бірқатар орталықтардың штабтық құрылымы нормативке сай емес, мамандардың әлеуметтік жұмыс жүргізу тәжірибесі мен құралдары жеткіліксіз, техникалық жабдықтар, ғимарат жағдайы және интернетке қолжетімділік толық қамтамасыз етілмеген. Бұл кемшіліктерді жою арқылы орталықтардың нақты әрі жүйелі жұмыс істеуіне мүмкіндік берілмек. Статистика бойынша, Түркістан облысында 507 мыңнан астам отбасы бар. Олардың ішінде 127 мыңнан астамы D және Е санатындағы, яғни әлеуметтік осал отбасылар санатына кіреді. Бұл — облыс халқының 25,1%-ын құрайды. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 13,4%-ға (19 мың отбасы) төмендегені байқалады. Бұл — мобильдік топтар мен әлеуметтік қызметтер жүйесінің үйлесімді жұмысының нәтижесі.
Осы отбасыларға әдістемелік көмек көрсету және жағдайын нақты анықтау мақсатында арнайы «FSM Social» мобильді қосымшасы іске қосылды. Қазір бұл жүйеге орталықтарды тіркеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл — цифрландыру мен әлеуметтік мониторингті біріктірген жаңа тәсіл. Жиын барысында Бейсенбай Тәжібаев «Отбасы – қоғамның тұрақтылығы мен рухани дамуының іргетасы. Мұнда ұлттық болмыс, тәрбиенің іргесі қаланады. Сондықтан отбасыға бағытталған саясат ерекше мәнге ие болуы керек», – деп атап өтті. Оның айтуынша, келесі қадамдар шұғыл қолға алынуы қажет — қиын жағдайдағы отбасыларды алдын ала анықтау жүйесін жетілдіру, құқық бұзушылықтар, ерте жүктілік, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша нақты жұмыс картасын әзірлеу, әлеуметтік осал топтарға медициналық, психологиялық және құқықтық қолдау көрсету, жұмыспен қамту механизмдерін іске қосу. Бұл бастамалар — жеке отбасының ғана емес, тұтас қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы кешенді шаралар.
«Отбасын қолдау орталықтары» – бүгінде неке мен отбасын сақтау, гендерлік теңдікті насихаттау, зорлық-зомбылықтың алдын алу, жеке кеңес беру мен әлеуметтік көмекті үйлестіру сынды бағыттар бойынша жұмыс істейді. Алдағы кезеңде орталықтар бір терезе қағидаты бойынша қызмет көрсететін қоғамдық хабтарға айналады. Мұнда тұрғындар заңгер, психолог, әлеуметтік қызметкер, медиатор, жұмыспен қамту орталығы өкілімен бір жерден кездесе алады. Түркістан облысындағы отбасыларды қолдау саясаты сөзден іске көшкен нақты жүйеге айналуда. Бұл бастама тек әлеуметтік көмек қана емес, жеке адамның, ұрпақтың және ұлттық болмыстың тұрақтылығын қамтамасыз ететін ұзақ мерзімді саясат. «Жақсы отбасы – жақсы қоғамның негізі» десек, бүгін қолға алынған шаралар – ертеңгі тұрақты, қауіпсіз әрі әлеуетті қоғамға жасалған сенімді қадам.