КЕЛЕСТЕГІ МӘДЕНИ СЕРПІЛІС: АУЫЛДАРДА МӘДЕНИЕТ ОШАҒЫ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

44
0

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәдениет саласын өңірлік деңгейде дамытуға қатысты тапсырмалары еліміздің барлық аймақтарында қарқынды іске асуда. Мемлекет басшысы халықтың мәдени демалысқа қолжетімділігін арттыру, мәдени нысандардың санын көбейту арқылы азаматтардың рухани сұранысын қамтамасыз етуді стратегиялық міндет ретінде белгілеген еді. Бұл бағытта Түркістан облысы Келес ауданында нақты, нәтижелі жұмыстар атқарылуда.

Келес ауданында қазірдің өзінде 8 мәдениет үйі мен 11 клуб ауыл тұрғындарына мәдени қызмет көрсетіп келеді. Бұл – ауылдағы тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге, ұлттық өнер мен салт-дәстүрді дәріптеуге, жас ұрпақты рухани тұрғыдан тәрбиелеуге зор мүмкіндік беретін маңызды орталықтар. Алайда аудан әкімдігі бұнымен шектеліп отырған жоқ. Соңғы жылдары жаңадан мәдениет үйлерін салу, ескілерін қайта жаңарту, заманауи құралдармен жабдықтау ісі жандана түскен. Мұның барлығы Президент тапсырмасының аясында жоспарлы әрі жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. 2023 жылы Ошақты ауылдық округіне қарасты Жиделі елді мекенінде 75 орындық жаңа мәдениет үйі салынып, пайдалануға берілді. Бұл нысан – ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш болды. Жаңа мәдениет үйі өнер ұжымдарының шығармашылық алаңына, түрлі үйірмелер мен шаралардың өтуіне арналған кең де жарық кеңістікке айналды. Қазіргі уақытта Жүзімдік ауылдық округінде тағы бір жаңа мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр. Жоба қарқынды түрде іске асып, ауыл тұрғындары асыға күтіп отырған мәдени нысанның жақында пайдалануға берілетіні болжануда. Сонымен қатар Алпамыс батыр, Біртілек және Ұшқын ауылдық округтерінде мәдениет үйлерін салу бағытында дайындық жұмыстары жүргізілуде. Техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, қаржыландыру көздері іздестірілуде. Бұл – өңірлік деңгейде мәдениет инфрақұрылымын кешенді дамытуға бағытталған ауқымды қадам. Тағы бір маңызды жайт – 4 елді мекенде жаңа мәдени нысандарға қатысты жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, тиісті мекемелерге қаржыландыруға ұсынылды. Бұл жобалар жүзеге асқанда, мәдениет саласының қызмет көрсету ауқымы бұрынғыдан да кеңеймек.

Мәдениет саласындағы ерекше жоба – Абай ауылында салынып жатқан аудандық мұражай. Бұл жоба жергілікті халықтың тарихи-мәдени мұраларына деген қызығушылығын арттырып, білім беру және танымдық мақсатта үлкен рөл атқарады. Мұражай үшін арнайы жер телімі бөлініп, мемлекеттік акті алынған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Бұл – Келестегі мәдениет саласының дамуындағы жаңа бетбұрыс. Мұражайлар – тек экспонат қоймасы емес, сонымен қатар тарихты тірілтетін, ұрпақ санасына ұлттық рухты сіңіретін ерекше орын. Сондықтан аудандық деңгейдегі мұражай салу – мәдениет қана емес, патриоттық тәрбие мен тарихи жадыны сақтау ісіндегі стратегиялық жоба. Ауыл тұрғындарының бос уақытын мазмұнды өткізуіне, балалар мен жасөспірімдердің өнерге қызығушылығын арттыруға, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға мүмкіндік беретін мәдениет ошақтарының көбеюі – әлеуметтік дамудың тікелей көрсеткіші. Бұл тұрғыдан алғанда, Келес ауданындағы жұмыстар жүйелі жоспарға негізделген. Қазіргі таңда әлеуметтік инфрақұрылым – халықтың тұрмыс сапасын анықтайтын негізгі факторлардың бірі. Сол себепті, мәдениет нысандарының құрылыс барысы аудан әкімдігі тарапынан тұрақты бақылауға алынып отыр.

Келес ауданындағы мәдениет саласын жаңғырту бағытындағы бастамалар – Мемлекет басшысының тапсырмалары мен ұлттық саясаттың нақты іске асуының айқын көрінісі. Жаңа мәдениет үйлері мен мұражай құрылысы тек ғимарат салу ғана емес, ол – ел руханиятына салынған инвестиция. Бұл – мәдениетке бетбұрыс, ауылдағы өмір сапасын арттыру, ұрпақ тәрбиесіне жаңа серпін беру. Алдағы жылдары жобалар толығымен жүзеге асқанда, Келес өңірі тек егін мен еңбекке ғана емес, өнер мен мәдениетке де ерекше мән беретін аудан ретінде өзгеше келбетке ие болмақ.