ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ГАЗДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысында халықты табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл — ел Президентінің әлеуметтік саясаттағы маңызды бағыты, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған басым міндеттердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты аясында газдандыру – тұрғындардың әл-ауқатын жақсартатын негізгі факторлардың біріне айналды. Дегенмен, бұл салада шешімін күткен мәселелер де аз емес.
2024 жылы Түркістан облысында елді мекендерді газдандыру бойынша 64 жобаға тиісті қаржы қарастырылып, жыл соңына дейін 34 елді мекендегі 38 жобаның құрылысы аяқталуы тиіс. Қалған 16 елді мекендегі 26 жоба келесі жылға өтпелі болып отыр. Бұл – өңірлік деңгейдегі газ инфрақұрылымын кеңейту жұмыстарының біртіндеп жүйеленіп келе жатқанын көрсетеді. Облысты толық газдандыру бойынша 2027 жылға дейінгі кешенді іс-шаралар жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес, үш жыл ішінде газбен қамтылған елді мекендер саны 765-ке жеткізілуі тиіс. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 563-ті құрап отыр (69,7%). Яғни, алда әлі 200-ден астам ауылға газ тарту жұмыстары күтіп тұр. Бірақ бұл мақсатқа жету үшін толыққанды қаржыландыру қажет. Айта кету керек, газдандыру жоспарына енбеген 42 елді мекеннің жағдайы бөлек қаралуды қажет етеді. Олар – халық саны аз, шалғай орналасқан, инфрақұрылым тарту жағынан экономикалық тұрғыда тиімсіз елді мекендер. Бұл ауылдарға баламалы энергия көздері, автономды газ жүйелері немесе әлеуметтік маңызы жоғары нысандарға ғана газ тарту секілді балама шешімдер қарастырылуы мүмкін.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында газдандыру бойынша атқарылған жұмыстарға баға беріліп, саланың өзекті мәселелері сараланды. Жиында өңір басшысы кейбір аудан, қала әкімдерінің газдандыру жұмыстарын баяу жүргізіп жатқанын сынға алып, нақты міндеттер жүктеді. «Газ құбырын жеткізумен жұмыс бітпейді, ең бастысы – халықты табиғи газға қосу. Әкімдер тиісті мекемелермен бірлесе нақты жұмыстар атқаруы керек. Атқарылған жұмыстар туралы күнделікті мәлімет беріп отыруды тапсырамын», – деді аймақ басшысы. Сондай-ақ, әкім 2025 жылға дейін белгіленген газдандыру көрсеткіштерінің толық орындалуын, газ нысандарындағы кемшіліктерді жедел түзетуді қатаң тапсырды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің мәліметіне сүйенсек, Түркістан облысында 2024 жылдың қорытындысы бойынша 563 елді мекен немесе облыс халқының 85,5%-ы газбен қамтамасыз етілген. Бұл – республика бойынша 62,4%-дық орташа көрсеткіштен жоғары. Дегенмен, өңірлер арасында Түркістан облысы 8-орында тұр. 2023 жылы облыс аумағында 115 нысанның құрылысы жүзеге асырылса, соның 70-і аяқталып, 45-і 2025 жылға өтпелі болып қалған. Бұл – ірі жобалардың бір бөлігі мерзімінен кешігіп жатқанын көрсетеді. Арыс, Кентау қалалары мен Отырар, Сауран, Ордабасы аудандарында газдандыру деңгейі төмен болып отыр. Ал Созақ ауданы мүлде газға қосылмаған жалғыз аудан болып қалып отыр. Аудандағы АГТС (автоматтандырылған газ тарату стансасы) мен ішкі желілердің құрылысы толық аяқталғанымен, газдың берілуі Жамбыл облысының Жаңатас қаласындағы «Еврохим-Қаратау» нысаны арқылы жүзеге асатындықтан, қосылу мерзімі кешігуде. Бұл — межелі жұмыс болғанымен, өңіраралық байланысқа тәуелділік сияқты тосқауылдарды көрсетеді.
Түркістан қаласының өзінде газ тұтыну көлемі жыл санап артып келеді. Бұл — жаңа өндіріс орындарының, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының көбеюіне тікелей байланысты. Қолданыстағы №15 «Түркістан» АГТС қуаттылығы 100 мың м³/сағ болса да, ол жүктемелік режимде жұмыс істеуде. Осы себепті айналма газ құбыры мен қосымша АГТС салу жоспары қолға алынған. Қазіргі таңда жобаның трассалық топотүсірілім жұмыстары аяқталуға жақын. Жиында жобалау мен жоспарлаудағы жүйесіздік те сынға алынды. Кейбір нысандардың коммуналдық меншік пен «Qazaq Gaz Aimaq» АҚ арасындағы жауапкершілік бөлісі шешілмей отыр. Бұл өз кезегінде жобаларды іске асыруды қиындатады және уақытты жоғалтуға алып келеді. Газдандыру жүйелерінің баланс иесін нақтылау – газдың үздіксіз әрі тиімді жеткізілуінің басты шарты. Түркістан облысында газдандыру саласында елеулі ілгерілеушілік бар. Алайда шешімін күткен түйткілдер де жеткілікті. Қаржыландыру, жоспарлау, жобалау, халықты қосу жұмыстары жүйелі үйлестіруді қажет етеді. Газ құбыры тартылды деген сөз – жұмыс аяқталды деген емес. Нағыз нәтиже – әрбір үйдің жылыту жүйесіне газ келіп, тұрғынның өмір сапасы артқан кезде ғана өлшенеді.