КӘСІБИ ДАМУ МЕН ТІЛ ҮЙРЕНУ — ЗАМАН ҚОЙЫП ОТЫРҒАН ТАЛАП

8
0

Қазіргі әлемде шекаралар шартты түрде ғана бар. Жаһандану дәуірінде тіл білу — тек қарым-қатынас құралы ғана емес, бәсекеге қабілеттіліктің басты шарты. Мемлекеттік, квазимемлекеттік және жекеменшік ұйымдардың қызметкерлері үшін шет тілін меңгеру — кәсіби дамудың, жаһандық стандарттарға бейімделудің маңызды қадамы.

Осыны ескерген «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан облыстық филиалының қызметкерлері ағылшын тілін үйрену бастамасын қолдап, A1 (Beginner) деңгейіндегі тіл курсынан табысты өтті. Бұл курс Түркістан қаласы әкімдігі мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен, «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ ұйымдастыруымен жүзеге асты. Газ және энергетика секторы — техникалық талаптары жоғары, үнемі жаңарып отыратын халықаралық стандарттармен жұмыс істейтін сала. Бұл бағытта қызмет атқаратын мамандар үшін техникалық құжаттарды түсіну, шетелдік әріптестермен байланыс орнату, заманауи технологияларды меңгеру — күнделікті жұмыс процесінің ажырамас бөлігі. Осы тұрғыда ағылшын тілі — кәсіби құрал ретінде ерекше маңызға ие. «QazaqGaz Aimaq» қызметкерлері бастан-аяқ қатысқан A1 деңгейі — ағылшын тілін енді үйрене бастағандар үшін арнайы дайындалған алғашқы баспалдақ. Бұл деңгейде тыңдаушылар қарапайым таныстыру, күнделікті жағдаяттарда қолданылатын сөйлемдер, сәлемдесу, отбасын, жұмысты сипаттау секілді негізгі лексика мен грамматиканы меңгереді. Оқыту процесі заманауи әдістемелерге негізделіп, тыңдаушылардың жас ерекшелігіне, мамандық бағытына сай бейімделді. Бұл тәсіл оқу процесін жеңіл әрі тиімді етті. Курстың ерекшеліктері төмендегідей — сабақтарда грамматика мен сөздік қор жаттанды емес, нақты сөйлеу дағдылары арқылы меңгерілді. Курс тақырыптарға бөлініп, әр модуль нақты тілдік мақсаттарға бағытталды (мысалы, өзін таныстыру, жұмыс туралы айту, уақыт пен күндерді айту). Әр сабақта тыңдау, сөйлеу, оқу және жазу дағдылары тең дамыды. Қызметкерлер жұптық және топтық жұмыстарға белсенді араласып, сөйлеу қорқынышын жеңуге мүмкіндік алды. Бұл курс тек тіл үйретіп қана қоймай, қызметкерлердің өзіне деген сенімін нығайтып, кәсіби коммуникация саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

Курстың ұйымдастырылуы — Түркістан қаласында тіл саясатының тиімді жүзеге асып жатқанының нақты дәлелі. Мемлекеттік тілді дамыту бағытында жұмыс істеп жүрген «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ соңғы жылдары үш тілді білім беру бағытына да басымдық беріп келеді. Бұл орталық тек қазақ тілін үйретумен шектелмей, ағылшын және орыс тілдерін де меңгеруге қолдау білдіруде. Ағылшын тілі — халықаралық ынтымақтастықтың, ғылыми-техникалық прогрестің, цифрлық экономиканың тілі. Сол себепті оны мемлекеттік қызметкерлерге, техникалық мамандарға және басқарушы құрамға үйрету — елдің кадрлық әлеуетін нығайтудың маңызды тетігі. «QazaqGaz Aimaq» қызметкерлерінің ағылшын тілін үйренуге ниетті болуы — ұйым мәдениетінің, ішкі кадрлық дамудың жоғары деңгейін көрсетеді. Заманауи компанияның жетістігі – оның қызметкерлерінің білімі мен қабілетіне тікелей байланысты. Тіл үйрену арқылы қызметкер халықаралық жобаларға қатысу мүмкіндігіне ие болады, заманауи технологияларды тез меңгереді, шетелдік әріптестермен кедергісіз байланыс орнатады, жаңа лексиканы кәсіби салада тиімді қолдана бастайды. Осы арқылы компания да халықаралық нарықта сенімді серіктеске айналып, беделін арттыра алады.

Курс аяқталған соң тыңдаушылар сертификаттарға ие болып, келесі деңгей – А2 (Elementary) деңгейіне өту мүмкіндігіне жол ашты. Тіл үйрену – үздіксіз процесс. Сондықтан алдағы уақытта бұл қызметкерлердің тілді тереңірек меңгеріп, оны күнделікті қызметте қолдана білуі үшін келесі деңгейлік оқыту бағдарламалары да қарастырылуы қажет. Сондай-ақ, орталық тарапынан салалық терминологияға бағытталған арнайы модульдік курстар енгізу – курс тиімділігін одан әрі арттырар еді. Бұл өз кезегінде тіл мен мамандықты ұштастыра оқытудың озық үлгісіне айналмақ. «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан филиалы қызметкерлерінің ағылшын тіліндегі алғашқы деңгейлік курсты табысты аяқтауы – өңірдегі тілдік саясаттың нақты нәтижесі. Бұл бастама қызметкерлердің өз бетінше даму ниетін, ұйымның адами капиталына деген инвестициясын және мемлекеттік қолдаудың жемісін көрсетіп отыр.