АДЫРБЕКОВ КӨШЕСІНІҢ ҚАЙТА ҚҰРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

57
0
Қазіргі таңда Адырбеков көшесінің қайта құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәделі Қожа мен Жібек жолы көшелері аралығында аяқжолдар, ирригациялық латок орнату, жер төсемін дайындау жұмыстары атқарылуда.
Осы жұмыстардың барысын қадағалаған қала әкімі М.Әйтенов бүгін нысанда болып, жұмыстарды сапалы, мерзімінде аяқтау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Жоба бойынша, жалпы ұзындығы 3,74 шақырымдық жол Алдияров көшесінен Т.Рысқұлов көшесіне дейінгі аралықты қамтиды.Ені 23 метр 4 жолақты жолдың екі жағында ирригациялық жүйе мен жасыл аймақ, тротуар, жарық шамдар көзделген. Құрылыс жұмыстары 76% пайызға орындалды. Адырбеков көшесін қайта құру жұмыстары 2023 жылы толығымен аяқталып пайдалануға беру жоспарланған. Мұрат Дүйсенбекұлы жол негіздерін салуда кедергісін келтіретін байланыс жүйелерін қайта қосудағы өзекті мәселені жауаптылармен бірге шешуді тапсырды. Сондай-ақ нысанды уақытылы қолданысқа беріп, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында жолды ашуды ұйымдастыруды тапсырды. Айта кету керек, Шымкент қаласы Қаратау ауданындағы Қызылсай тұрғын алабының тұрғындары қала басшысымен кездесулерде көптен бері жол мәселесін көтеріп келген. Нәтижесінде қала әкімінің бекіткен іс-шаралар жоспарына еніп, маусым айының басынан бері аталған тұрғын алапта қала орталығына қатынайтын тура жолдың құрылысы жүргізілуде. Жуырда қала әкімі Мұрат Әйтенов Қызылсай тұрғын алабындағы жол құрылысына барып, мұндағы жұмыстың жай-күйімен танысты. Бүгінде салынып жатқан теміржол асты өткелінің құрылысына жалпы 10 техника жұмылдырылған. Сонымен қатар, жер жұмыстары және инженерлік желілерді қайта орнату іске асырылуда. “Қала орталығына бару үшін бұрын айналып өтетін жолмен жүретінбіз. Ауа-райы қолайсыз мезгілдерде жедел жәрдемнің қатынауы өте қиын. Тұрғын алабымыздың осы жол мәселесі енді қолға алынды. Өткен жолы бір топ техника келіп, жолды жөндеу жұмыстарына кірісті. Міне, шаруа қарқынды жүріп жатыр. Біз үшін бұл өте қуанышты жаңалық,”– дейді тұрғындар. Теміржол асты өткелінің құрылысы аяқталған соң, тұрғындар сапалы жолмен толық қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, қалаға тиімді қатынауына және қауіпсіз қозғалуына мүмкіндік алады.