ЕРІКТІЛІК ПЕН ҚҰҚЫҚТЫ ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкент қаласында балалардың құқықтарын қорғау және жастар еріктілігін дамыту тақырыбында маңызы жоғары кездесу өтті. Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры – ЮНИСЕФ пен жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен ұйымдастырылған іс-шараға шенеуніктер, халықаралық ұйым өкілдері, құқық қорғау және білім беру саласының мамандары, сондай-ақ белсенді жастар мен еріктілер қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – балалар құқықтарын қорғау мәселесіне қоғам назарын аудару, бұл бағытта еріктілер қозғалысын жандандыру және жастарды шешім қабылдау үдерістеріне белсенді түрде тарту. Бұл — тек ақпараттық немесе салтанатты жиын ғана емес, нақты ұсыныстар мен пікір алмасу арқылы институционалдық өзгерістерге бастайтын алаң болды. Жиынға қатысқан спикерлер қатарында ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілінің орынбасары Летисия Баззи-Вейл, Шымкент қаласы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Айдын Кәрімов, құқық қорғау органдары мен білім саласының жетекші мамандары болды. Сонымен бірге қала жастары мен ерікті топ өкілдері де өз пікірлерін ортаға салды. Бұл форматтың ерекшелігі – қоғам мен билік өкілдерінің, халықаралық ұйым мен жастардың бір үстелде бас қосуы. Осындай алаңдар барлық тараптардың көзқарасын үйлестіріп, нақты бірлескен әрекетке бастайды. Кездесу барысында сөз алған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов қала басшылығының ЮНИСЕФ-пен арадағы серіктестікке ерекше мән беретінін жеткізді. Ол Шымкентте іске асырылып жатқан балаларға бағытталған жобаларға тоқталып, алдағы уақытта да әкімдік тарапынан ұйымдастыру, қолдау және үйлестіру жұмыстарының үздіксіз жүретінін айтты.
Айдын Кәрімов ЮНИСЕФ ұйымының әлемдік деңгейдегі тәжірибесіне сүйене отырып, жергілікті шешімдерді жүзеге асыру – қазіргі заманның ең тиімді тәсілдерінің бірі екенін алға тартты. Жиында сөз алған жастар мен еріктілер өз ұсыныстарымен бөлісті. Олар еріктілік қозғалысын кеңейту, балаларға қауіпсіз орта қалыптастыру, бала құқықтары туралы ақпараттық науқандарды жандандыру, мектептер мен ЖОО-да арнайы клубтар құру, құқықтық сауаттылықты арттыру секілді нақты идеялар ұсынды. Бұл жастардың тек қатысушы емес, бастамашыл тұлға ретінде қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. ЮНИСЕФ пен әкімдік тарапынан осындай белсенді азаматтардың ұсыныстары назарға алынуы – шынайы өзгерістерге жол ашады. Өз кезегінде сөз алған ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілінің орынбасары Летисия Баззи-Вейл ұйымның басты миссиясы – әрбір баланың құқықтарының сақталуына, қауіпсіз өсуіне және дамуына жағдай жасау екенін ерекше атап өтті. «Балалар мен жастардың құқықтарын қорғау – біздің ортақ мақсатымыз. Шымкенттегі бұл кездесу – сол жолдағы сенімді қадам», – деді ол.
Кездесудің тағы бір маңызды тұсы – еріктілік қозғалысының әлеуеті жайында болды. Ерікті болу – тек көмек көрсету емес, қоғамдық сана мен орта қалыптастыру, азаматтық белсенділіктің көрінісі. Балалардың құқығын қорғаудағы еріктілер рөлі – олардың қауіпсіздігі мен бақуатты болашағы үшін маңызды. ЮНИСЕФ осы бағытта ақпараттық науқандар, құқықтық тренингтер, мектеп және ЖОО деңгейіндегі клубтар құру, сондай-ақ цифрлық платформалар арқылы еріктілік белсенділікті кеңейту секілді ұсыныстарды да қолдайтынын жеткізді.