ҰЛТТЫҚ ЖОБА САЛАДАҒЫ МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ ШЕШІЛУІНЕ МҰРЫНДЫҚ БОЛМАҚ

55
0

Жалпы бүгінде білім саласының өзіндік мәселелері бар. Оларды шешу бағытында арнайы бағдарлама әзірленгені де белгілі. Ол — «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мектеп инфрақұрылымын жаңғырту үшін әзірленген жоба аясында 842 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы оқу орындарының ауқымды құрылысы көзделген. Мәселен, жайлы мектептер қажетті оқу жабдықтарымен, түрлі пәндік кабинеттермен, бейнебақылау және дыбыстық хабарлау жүйелерімен, балаларға арналған жеке шкафтармен толық жабдықталады. Бүгінде аталған жоба бойынша еліміздің өңірлерінде қанша мектеп салынатыны белгілі болып отыр. Тарқатайық…

Үшінші мегаполисте 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 25 мектептің құрылысы жүргізіледі. Нәтижесінде 37 700 оқушының жаңа мектепте білім алуына мүмкіндік тумақ.  Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде бастау алған жобаның алғашқы кезеңі биыл жүзеге асырылады. Яғни Шымкентте 2023 жылы 17 300 орынға арналған 12 мектептің, ал 2024 жылы 20 400 орындық 13 мектептің құрылысы басталады. «Жайлы мектеп» аясында бой көтеретін білім нысандарының басты ерекшелігі – жабдықталуында. Яғни онда бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар, трансформер-мобильді парталар, трансформациялау  мүмкіндігі бар әмбебап акт залы, балаларға арналған жеке шкафтар, оқу-зертханалық құрылғылар, ауыз су бұрқақтары орнатылып, Wi-Fi және жоғары жылдамдықты интернет болады. Бұдан бөлек, компьютермен жабдықталған физика, химия, биология дәрісханалары мен оқу зертханалары, робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар жұмыс істейді.

Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Арысбекқызы аталған жоба жайындағы пікірін былайша тарқатты «Жайлы мектепте» қауіпсіздік мәселесі де күн тәртібінде тұрған міндет. Оқушылар мен педагогтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ғимараттар бейнебақылауға алынып, дыбыстық хабарлау жүйесі орнатылады. Ал, террористік қауіптің алдын алу үшін есіктер мен блоктарды бұғаттау функциясы да ойластырылған. Оқушылар салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортпен шұғылдану үшін бастауыш сынып оқушылары мен жоғары сынып оқушыларына арналған спорт залдар мен түрлі алаңдар жабдықталмақ». Тағы бір ерекшелігі, әр білім ордасының жеке кітап қоймасы, оқу залы, электронды кітапханасы мен ғимараттың әр қабатына коворкиң аймағы болады. Ал әмбебап шеберханалар, бастауыш кәсіптік білім беруге арналған кабинеттер оқушыларды бейіміне қарай білім алып, машығын шыңдауға мүмкіндік бермек. Айта кету керек, мектептер пайдалануға берілгенге дейін оған баратын автомобиль жолдары, автотұрақтар, қоғамдық көлік бағыттары мен аялдама, орамішілік жарықтандыру мәселелері де толығымен шешіледі.