ТҰРҒЫН ӨТІНІШІ НЕГІЗІНДЕ ТҰРАН АУДАНЫНДАҒЫ ОЙЫН АЛАҢШАСЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛДІ

62
0

Шымкент қаласы Тұран ауданындағы 4-шағын аудандағы №28 көпқабатты тұрғын үй ауласында орналасқан балалар ойын алаңшасының тозығы жетіп, балалардың өміріне қауіп төндірген жағдайға байланысты нақты шаралар қабылданып, мәселе қысқа мерзімде оң шешімін тапты. Бұл — «AMANAT» партиясының тұрғындар үнін ескеріп, нақты нәтиже шығару қағидатының нақты көрінісі.

Тұрғын Қалдыбек Тұрбаев «AMANAT» партиясының Шымкент қаласы Тұран аудандық филиалына жүгініп, балалар ойын алаңшасына қатысты өз өтінішін жеткізді. Оның айтуынша, ойын элементтері қатты тозып, кейбір жерлері сынған, шегелері шығып тұрған, бұл — балалардың ойнауына өте қауіпті жағдай туғызған. Бүгінгі таңда баланың қауіпсіздігі — қоғамдағы ең өзекті әрі басымдық берілетін мәселелердің бірі. Бұл – тек ата-ананың ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі. Тұрғынның өтініші де осы ойдан туындаған еді. Тұрғын үнін ескерген партия өкілдері бұл мәселеге бейжай қарамай, Тұран аудандық филиалдың атқарушы хатшысы Есімхан Бертаев мәселені аудан әкімдігіне ресми түрде жолдады. Тиісті құрылымдармен бірлесе отырып, қысқа мерзім ішінде алаңшаны қалпына келтіру жұмыстары басталды. Нәтижесінде сынған ойын элементтері жөнделді. Айналасы тазартылып, сырлау, бекіту, нығайту жұмыстары жүргізілді. Балалар үшін қауіпсіз әрі эстетикалық тұрғыда тартымды орта қайта жасақталды. Өз өтінішінің ескеріліп, нақты нәтиже бергеніне ризашылығын білдірген Қалдыбек Тұрбаев «Балаларымыздың амандығы үшін алаңдаған жайымды ескеріп, нақты іс жасағандарыңызға шын жүректен алғыс айтамын. Осындай істер қоғам мен билік арасындағы сенімді арттырады» дейді. Бұл алғыс тек бір азаматтың ризашылығы ғана емес, билік пен халық арасындағы тиімді кері байланыстың маңызды белгісі.

Тұран ауданындағы бұл жағдай бірнеше маңызды факторды көрсетіп отыр. «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауы – нағыз шешім шығаратын орталыққа айналған. Жай ғана арыз қабылдау емес, мәселені әкімдік деңгейінде шешуге ықпал ететін нақты құрылым қалыптасқан. Балалар қауіпсіздігіне байланысты мәселелер бірінші кезекте қаралуда. Бұл – қоғамның гуманистік ұстанымдарының артып келе жатқанын білдіреді. Билік пен партия ынтымағы нақты нәтиже береді. Атқарушы билік пен партия өкілдерінің үйлесімді жұмысы арқылы мәселе шұғыл шешілді. Халықтың сенімі күшейіп келеді. Мұндай әрекеттер азаматтардың партияға және жергілікті билікке деген сенімін арттыра түседі, қоғамдық белсенділікті нығайтады. Тұран ауданындағы балалар ойын алаңшасының қайта қалпына келтірілуі – билік пен қоғам арасындағы ашық диалог пен серіктестіктің жарқын мысалы.