ШЫМКЕНТ — ЖАСЫЛ ҚАЛА

103
0

Соңғы жылдары әлемде экология мәселесі күн тәртібіндегі ең түйткілді түйіндердің қатарына қосылды. Ауаның аса қатты ластануы әлем жұртшылығына кері әсер етуде. Өз кезегінде, табиғатты қорғауды мақсат еткен түрлі ұйымдар жасыл алқаптың аумағын кеңейтуге көңіл аудару керегін айтып, дабыл қағуда. Ал елімізде бұл салада атқарылып жатқан шаруа шаш-етектен. Бір ғана Шымкент қаласында жасыл белдеу қалыптастыру мен көшелерді көгалдандыру ісі уақыт өткен сайын қарқын алып келеді. Бұдан бөлек, саябақтар мен гүлзарлар да ел игілігіне берілуде.

Оның ішінде үшінші мегаполистің әкімі Мұрат Әйтеновтың тікелей тапсырмасына сәйкес, жасыл желек аумағын кеңейту жұмыстары қолға алынған. Бүгінде көшелерге, аулалар мен саябақтарға ағаш көшеттерін егу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, Орталық, Абай, Тәуелсіздік саябақтарына және Чернобыль құрбандарын еске алу мен А.Асқаров атындағы дендрологиялық паркіне жалпы саны 250-дей туя, арша, жай жапырақты ағаш көшеттері отырғызу жұмыстары қолға алынды. Алдағы уақытта қала аумағында орналасқан саябақтар мен гүлзарларға 4000 түп ағаш көшеттері де елігмек. жуырда ғана ұлттық мереке қарсаңында шымкенттіктердің тынығып, серуендеуі үшін қала аумағында бірқатар саябақтар мен гүлзарлар пайдалануға берілген еді. Енді қала тұрғындары тынығатын гүлзарлардың қатары тағы бір нысанмен толығып жатыр. Онда тұрғындар үшін яғни демалып, тынығуына барлық жағдайлар қарастырылған. Орындықтар, қоқыс жәшіктері, арнайы ағаштан жасалған шатырлар, селфи аймағы, әткеншектермен заманауи стилді жарықшамдар орнатылған. Ал тақтатастары фортепиано пернелері іспеттес төселген. Бұдан бөлек, соңғы бір аптада Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына қарасты Жаңа шек, Бозарық, Чинат-1, Ынтымақ, Қос-диірмен каналдарын тазалау, ретке келтіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ басқарманың тапсырмасымен мердігер мекеме қызметкерлері Республика даңғылы мен Алматы тас жолы арқылы өтетін Қошқар-ата мен Республика даңғылының бойындағы Қарасу өзенін де қоқыстан тазартты. Күз, қыс айларындағы жауын-шашын әсерінен судың канал мөлшерінен асып, тасу қаупінің алдын алу жұмыстары жүргізілді. Қорыта айтқанда әлем үшін қордаланған күрделі мәселеге айналған түйткілдерді болдырмау мен алдын алу бойынша үшінші мегаполисте атқарылып жатқан шаруа қыруар. Болашақта да аталған бағыттағы жұмыстар әрі қарай да жалғаса бермек.