НҰРСӘТ ШАҒЫН АУДАНЫНДАҒЫ КӨШЕ АСФАЛЬТТАЛДЫ

Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқару мен өкілді билік органдарының халықпен ашық жұмыс істеуі – елдің тұрақты дамуының маңызды көрсеткіші. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай, әрбір мемлекеттік орган мен халық қалаулысы азаматтардың нақты мәселелеріне жедел әрекет етуге міндетті. Осы бағытта Шымкент қаласындағы мәслихат депутаттары белсенді жұмыс жүргізіп келеді.
Оның нақты мысалы ретінде Қаратау ауданы, Нұрсат шағынауданындағы тұрғын өтінішінің қысқа мерзім ішінде оң шешімін тапқанын айтуға болады. Бұл іске Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Айжан Наимбекова тікелей атсалысты. Мәслихат депутаты Айжан Наимбекованың жеке қоғамдық қабылдауы барысында Нұрсат шағынауданының тұрғыны келіп, сол маңдағы жекеменшік мектепке баратын жолдың жағдайына шағым айтты. Аталған көше асфальтталмағандықтан, балалар мен ата-аналар жаңбырлы күндері лайға батып, ал жазда шаңға тұншығып, мектепке қатынауда айтарлықтай қиындықтарға тап болып жүрген. Бұл – тек тұрмыстық мәселе ғана емес, балалар мен тұрғындардың қауіпсіздігіне, жайлы өмір сүруіне тікелей әсер ететін инфрақұрылымдық түйткіл. Тұрғынның сұранысы негізді және нақты болды. Өтінішті тыңдаған Айжан Наимбекова бұл мәселені назардан тыс қалдырмай, Қаратау ауданы әкімдігіне ресми депутаттық сауал жолдайтынын айтты. Бұл – халық қалаулысының өз өкілеттігі аясында әрекет етіп, тұрғындар мүддесін қорғау жолында нақты қадам жасауының айғағы. Мәслихат депутаттарының жергілікті әкімдіктермен бірлесе жұмыс істеуі – «өкілді билік» пен «атқарушы билік» арасындағы тиімді байланыстың белгісі. Нәтижесінде, мәселе тек қағаз жүзінде қалып қоймай, іс жүзінде шешімін тапты. Көп ұзамай, Нұрсат шағынауданындағы жекеменшік мектепке апаратын көше толықтай асфальтталып, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасалды. Бұл жұмыстар аудан әкімдігінің жауапты бөлімдері арқылы ұйымдастырылып, инженерлік талаптарға сай жүргізілді. Ата-аналар мен мектеп ұжымы бұл жаңалықты ризашылықпен қабылдап, өздерінің күнделікті өміріндегі қолайсыздық жойылғанына ерекше қуанышты екендерін жеткізді.
Бұл жағдай бір адамның өтінішімен шектелмейді. Мұндай мысалдар билік пен азамат арасындағы сенімді нығайтады. Мәслихат депутаттарының қоғамдық қабылдау өткізуі, айтылған өтініштерге сергек қарап, жауапты органдармен тығыз байланыс орнатуы – жергілікті деңгейдегі демократияның нақты үлгісі. Сондай-ақ, бұл бастама «тыңдай білетін мемлекет» қағидатының іске асып жатқанын, халық қалаулыларының шынайы өкіл ретінде әрекет ететінін дәлелдеді. Нұрсат шағынауданындағы тұрғын өтінішінің сәтті шешілуі – билік пен қоғам арасындағы тиімді байланыстың, жауапты жұмыстың нәтижесі. Айжан Наимбекова сынды депутаттардың белсенділігі мен бастамашылдығы басқа халық қалаулыларына да үлгі бола алады. Осындай жұмыстар қаладағы әрбір тұрғынның тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, әлеуметтік әділеттілікті нығайтып, мемлекетке деген сенімді тереңдете түседі. Бұл — Қазақстанның тұрақты дамуы мен азаматтық қоғамның жетілуіне жол ашатын маңызды бағыт.