ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫНА ҚАТЫСТЫ САУАЛДАРҒА ЖАУАП БЕРІЛДІ

32
0

Шымкент қаласында «AMANAT» партиясы қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде кезекті азаматтарды қабылдау шарасы өтті. Іс-шара «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылып, қабылдауды Шымкент қалалық Жер қатынастары басқармасының басшысы Азат Исламов жүргізді.  Мақсат – жер мәселесіне қатысты өзекті сұрақтарға заңды және түсінікті жауап беру, тұрғындардың өтініштерін жеке қарау арқылы шешу жолдарын ұсыну.

Қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі жеке тұрғын үй салу үшін жер телімін алу мәселесін көтерді. Көпшілігі бұған дейін жер кезегіне тіркелгенін айтып, кезектің жылжымай тұрғанын, әрі мемлекеттік бағдарламалар аясында жер алуға көмектесуін сұрады. Жауап ретінде Азат Исламов еліміздің заңнамасына және Шымкент қаласының қазіргі мәртебесіне сай нақты түсініктеме берді. Ол «Шымкент 2018 жылы республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болғаннан кейін, жеке тұрғын үй салуға арналған жер телімдерін беру уақытша тоқтатылған. Қазір бұл бағытта жаңа қала құрылысы жоспарлары жасалып жатыр, бірақ әзірге жер беру қайта жанданған жоқ» деп атап өтті. Бұл жауап көптеген азаматтардың көкейінде жүрген сұрақтарға нүкте қойып, тұрғындарға шынайы жағдайды түсінуге мүмкіндік берді. Қоғамдық қабылдауда бір азамат алаяқтар тарапынан алданып, иелігіндегі жерінен айырылып қалғанын айтып, көмек сұрады. Басқарма басшысы бұл жағдайды мұқият тыңдап, құқықтық бағасын беріп, құжаттық дәлелдермен бірге құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес берді. Сонымен қатар, мұндай жағдайларға жол бермеу үшін азаматтарға жер телімін сатып аларда заңды тіркеу рәсімдерін толықтай орындау, тек ресми құжаттарға сүйену, жердің құқықтық мәртебесін тексеру секілді маңызды кеңестер берілді. Қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың барлық өтініштері жеке-жеке қаралып, нақты заңдық жауаптар ұсынылды. Мамандар тұрғындарға құқықтық кеңес беріп, әрі қарай не істеу керектігін түсіндіріп, қажет болған жағдайда тиісті құжаттармен жұмыс істеуге көмектесетінін жеткізді.

Бұл шара «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың нақты көрінісі. Азаматтар өздерінің проблемаларын тікелей жауапты тұлғаларға жеткізе отырып, түсініктеме ғана емес, нақты шешу жолдары мен бағыт-бағдар алады. Осындай қоғамдық қабылдаулар тұрғындардың құқықтық сауатын арттырып, халық пен билік арасындағы сенімді қарым-қатынасты нығайтады. Бұл – ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз етудің тиімді жолы. Шымкент қаласында өткен бұл қоғамдық қабылдау – жер мәселесіне қатысты тұрғындардың алаңдаушылығы әлі де өзекті екенін көрсетті. Азаматтардың өтініштеріне жедел әрі заңды жауап беру – жергілікті билік пен партия өкілдерінің басты міндетіне айналып отыр.