БИЛІК ПЕН ХАЛЫҚ АРАСЫНДАҒЫ АШЫҚ ДИАЛОГ – БАСТЫ БАСЫМДЫҚ

Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы аясында кезекті қоғамдық қабылдау өтті. Бұл жолғы қабылдау ерекше форматта ұйымдастырылып, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов тікелей қабылдады. Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындардың өзекті әлеуметтік, құқықтық мәселелерін тыңдау, нақты көмек көрсету және азаматтардың мемлекеттік органдармен кері байланысын күшейту.
Қоғамдық қабылдауға «AMANAT» партиясы Орталық аппаратының Ұйымдастыру және аумақтық жұмыс департаментінің инспекторы Жәнібек Дарханбаев, партияның қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Бекайдар Түлегенов, сондай-ақ қалалық басқармалардың басшылары мен полиция департаменті өкілдері қатысты. Мұндай құрамның қатысуы қоғамдық қабылдаудың тиімділігін арттырып, тұрғындардың арыз-шағымдарын дер кезінде шешуге мүмкіндік берді. Қоғамдық қабылдауға жазылған азаматтардың басым бөлігі құқықтарының бұзылғанын айтып, көмек сұрады. Нақтырақ айтқанда алаяқтардың арбауына түскен тұрғындар өз бастарынан өткен қиын жағдайларын баяндады. Құқық қорғау органдарының әрекеттеріне шағымданғандар болды. Әлеуметтік көмек, тұрғын үй, жер мәселелері, құжат рәсімдеу секілді өтініштер де қозғалды. Айдын Кәрімов әрбір өтінішке назар салып, мәселеге байланысты жедел шешім қабылдауға тырысты. Құқық қорғау саласына қатысты сұрақтар бойынша Полиция департаментінің өкілдеріне нақты тапсырмалар берілді. Ал күрделі жағдайлар бойынша қосымша зерделеу жүргізіліп, жан-жақты зерттеу жұмыстары басталатыны айтылды. Қабылдау барысында айтылған барлық мәселелер қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімовтің жеке бақылауына алынды. Бұл – мәселенің жай естіліп қоймай, нақты іс-шаралар арқылы шешілетінін білдіреді. Тұрғындар үшін бұл – сенімділік пен үміттің белгісі.
Сонымен қатар, қабылдауда болған бірқатар басқарма басшылары азаматтарға орнында кеңес беріп, кейбір өтініштер бойынша шешім қабылдады. Мұндай форматта мәселені сол жерде шешу – уақыт пен ресурс үнемдеп, нәтижелілікке жол ашады. «AMANAT» партиясының бастамасымен өтіп жатқан бұл қоғамдық қабылдаулар – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты жүзеге асуының көрінісі. Тұрғындар өз мәселелерін ашық айтып, билік өкілінен тікелей жауап ала алуы – жаңа саяси мәдениеттің қалыптасып келе жатқанын дәлелдейді. Айта кету керек, қоғамдық қабылдау соңында азаматтар өз алғыстарын білдіріп, мұндай форматтағы кездесулердің тұрақты түрде өткізілуіне ниет білдірді.