ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МӘСЕЛЕЛЕРІ КӨТЕРІЛДІ

Қоғамдағы әлеуметтік сұраныстарды есту, оларды билік өкілдерінің қатысуымен талқылау, әрі нақты шешім жолдарын ұсыну – қазіргі заманғы мемлекеттік басқару мен партиялық құрылымдар үшін басты талаптардың бірі. Осы ретте «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдаулары азаматтар мен әкімшілік арасындағы байланыс алаңына айналып келеді. Шымкент қалалық филиалында өткен кезекті қабылдау осының нақты дәлелі болды.
Бұл жолғы қабылдау партияның «Құқықтық көмек» жобасы аясында өтті. Азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаған тұлға – Шымкент қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұлов. Ол әріптестерімен бірге тұрғындардың өтініштері мен шағымдарын тыңдап, оларға заң шеңберінде жауаптар берді. Қабылдауға келген тұрғындардың басым бөлігі инфрақұрылымға қатысты мәселелерді алға тартты. Бұл – бүгінгі күннің өзекті тақырыбы. Қала үлкейген сайын оның шеткі аудандарындағы инфрақұрылымдық сұраныстар да арта түсуде. Электр жарығы, табиғи газ, сумен жабдықтау, жол сапасы – бәрі тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді. Құрсай елдімекенінің бір тұрғыны кейбір көшелерге әлі күнге дейін газ тартылмағанын айтып, бұл мәселенің шешілуін сұрады. Аталған сұраққа нақты әрі ашық жауап берген басқарма басшысы қазіргі таңда Құрсай шағын ауданын табиғи газбен қамту бағытында жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Жоспар бойынша, 2025 жылдың үшінші тоқсанында сараптама қорытындысы алынбақ. Егер сараптама оң шешім берсе, құрылыс жұмыстарына қажетті қаражат бөлу үшін бюджетке ұсыныс жолданатынын және қаржы қаралған сәтте құрылыс басталатынын айтты. Бұл жауап жергілікті тұрғын үшін тек ақпарат көзі емес, үміт пен сенімнің тірегі де болды. Себебі елдімекендегі инфрақұрылымдық кемшіліктер көп жағдайда тұрғындардың өмір сапасын төмендетіп қана қоймай, әлеуметтік әділетсіздік сезімін де ұлғайтады. Келесі көтерілген мәселе – Азат мөлтек ауданына қатысты болды. Тұрғынның айтуынша, кейбір көшелерде әлі күнге дейін ескі ағаш бағаналар пайдаланылып келеді. Бұл – қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жағдай. Басқарма бұл сұраққа да назар аударып, инфрақұрылым элементтерін жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын хабарлады. Қабылдау барысында барлық келіп түскен өтініштер заң аясында қаралып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бірқатар сұрақтар сол жерде шешімін тапса, кейбір күрделі мәселелер қосымша зерделеуді қажет ететіндіктен арнайы хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды. Бұл қоғамдық қабылдаудың ерекшелігі – билік өкілдерінің тұрғындармен ашық тілдесуі, нақты жауап беруі және мәселені шынайы назарда ұстауға ниет білдіруі. Мұндай кездесулер әкімшілік пен халық арасындағы өзара сенімділік деңгейін арттырады, әрі басқарушылық шешімдердің шынайы қажеттілікке негізделуіне жол ашады.
Қоғамдық қабылдаулар – тек арыз-шағым жинау алаңы емес, керісінше әлеуметтік саясаттың тамырын басып, оның қай тұста әлсіз екенін анықтауға мүмкіндік беретін маңызды құрал. «AMANAT» партиясының бұл бастамасы мемлекеттік мекемелердің ашықтығын қамтамасыз ету жолындағы нақты қадамдардың бірі. Бүгінгі қабылдаудан түйер негізгі ой – тұрғындардың сұранысы нақты, ал биліктің оған беретін жауабы ашық әрі уақтылы болуы тиіс. Бұл ғана халықтың сенімін сақтап, ортақ мақсатқа жетуге жол ашады. Партия мен басқарма арасындағы мұндай бірлескен форматтар ел ішіндегі жүйелі реформалар мен әлеуметтік тұрақтылықтың негізіне айналуға тиіс.