ҚАЛА ӘКІМІ ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІК ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

61
0
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен кездесті. Қала басшысы «Достық» үйі алдындағы «Қазақ еліне мың алғыс!» монументін көріп, «Бірлік» алаңы мен этномұражай қызметімен танысты.
Қалалық ассамблея маңайына топтасқан этномәдени бірлестіктердің жетекшілерімен жүздескен қала әкімі бүгінде ассамблея қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйыстырып отырған құрылымға айналғанын айтты.
– Бүгін өздеріңізбен кездесу үшін арнайы келіп отырмын. Мұндағы мақсат – алдағы уақытта қала аумағында мемлекеттік этносаясатты сіздермен бірге нәтижелі іске асыру, қоғамдық келісімді сақтауға бағытталған жобаларға ассамблеяны тарту және қаланы дамыту бағытындағы жұмыстарға этномәдени бірлестіктердің әлеуетін жұмылдыру,– деді қала әкімі, қалалық ҚХА төрағасы Ғабит Сыздықбеков. Кездесуде мемлекеттік этносаясат аясында атқарылатын жұмыстар мен жобалар жайында ұсыныстар айтылды. Қалалық ассамблея мүшелерінің ой-пікірлерін тыңдаған қала әкімі этнос көшбасшыларын Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, қоғамдық келісімді сақтау бағытындағы жұмыстарды жұмыла атқаруды тапсырды. Жалпы бүгінде Шымкент қаласындағы 1 миллион 210 мыңнан астам тұрғынның 29,1%-ын этнос өкілдері құрайды. Қалалық ҚХА маңайына топтасқан 17 этномәдени бірлестік пен 7 қоғамдық құрылым ел бірлігіне бағытталған жұмыстарға жұмылдырылған. Айта кету керек, қазіргі кезде Шымкент қаласында 17 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. 2019 және 2022 жылдары аралығында 15 этномәдени бірлестік қоғамдық аккредиттеуден өткен. 9 қыркүйек күні аккредиттеу комиссиясында 6 этномәдени бірлестіктердің (корей, грузин, армян, еврей, грек, шешен-ингуш) өтініштері қаралып, олар комиссия шешімімен аккредитациядан өткізілді. Жалпы Қоғамдық аккредиттеу- этномәдени бірлестіктер, олардың филиалдары және құрылымдық бөлімшелерінің қызмет ету деңгейінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы ҚР заңының белгілі бір өлшемдері мен талаптарына сәйкестігін айқындайды.