КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАР МЕН МАРАПАТТАЛҒАН АНАЛАРҒА ҚАНДАЙ ЖӘРДЕМАҚЫ ТӨЛЕНЕДІ?

Елімізде көпбалалы отбасылар мен марапатталған аналар мемлекеттен қандай көмек алады? Осы орайда жәрдемақы кімдерге және қалай тағайындалатыны туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік көмек департаментінің бас сарапшысы Алтынай Сейсембаева айтып берді.
— Көпбалалы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында олардың табысына қарамастан республикалық бюджет есебінен мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Оған 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа толмаған күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар отбасылар өтініш бере алады. Жәрдемақы мөлшері балалардың санына қарай, яғни 4 балаға 16 АЕК көлемінде, 7 балаға 28 АЕК көлемінде сараланады. Отбасында 8 және одан көп бала болса, әр балаға 4 АЕК көлемінде жәрдемақы төленеді, — деп түсіндірді Алтынай Сәрсембаева.
Сондай-ақ «Күміс алқа» иеленген көпбалалы аналар бюджет есебінен ай сайын 6,4 АЕК көлемінде жәрдемақы алады.
Ал «Алтын алқасы» бар және «Батыр ана» атағы бар, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордері бар аналарға 7,4 АЕК есебінде жәрдемақы тағайындалады.