КЕНТАУ ҚАЛАСЫН ДАМЫТУ ШАРАЛАРЫ ТАРҚЫЛАНДЫ

25
0

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің өңірлік жұмыс сапары жалғасып жатыр. Бұл жолы облыс басшысы Кентау қаласына арнайы барып, қаладағы әлеуметтік-экономикалық жағдаймен танысып, бірқатар өндірістік және инфрақұрылымдық нысандарды аралады. Сонымен қатар қала активімен кездесіп, Кентаудың даму жолдарын талқылауға арналған кеңейтілген отырыс өткізді.

Сапар барысында өңір басшысы алдымен Кентау қаласындағы индустриалды аймақтарды аралап, ондағы жұмыс барысын көрді. Аталған аймақтың әлеуеті жоғары болғанымен, әкім индустриялық жобаларды жүзеге асыру мен инвестор тарту бағытында кемшіліктер барын сынға алды. Кентау қаласындағы индустриалды аймақ 43 гектар аумақты қамтиды. 2025 жылға дейін мұнда 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Алайда бүгінгі таңда тек 3 жоба іске қосылып отыр. Осыған орай Нұралхан Көшеров индустриалды аймақтың мүмкіндіктерін толық пайдалану үшін инвестор тарту жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Актив отырысы кезінде облыс әкімі ауыл шаруашылығы саласын қайта қарап, даму бағытын нақтылауды да күн тәртібіне қойды. Бұл бағытта тиісті салалық басқармалар мен қала әкімдігі бірлесіп жұмыс істеуі тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар тұрғындарды табиғи газбен қамту мәселесіне де ерекше тоқталып, газ нысандарының құжаттарын заңдастыру мен оларды тиісті мекемелер балансына өткізу бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.

Нұралхан Көшеров Кентаудың дамуы – тек әкімдік емес, барлық мүдделі тараптардың бірлескен жұмысының нәтижесінде жүзеге асатынын айтып, депутаттар корпусына да белсенділік таныту қажеттігін жеткізді. Әрбір депутат өз округінде бар әлеуетті жобаларды зерттеп, нақты ұсыныстар беруі тиіс. Инвестициялық жобаларға қолдау білдіру – қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің артуына тікелей ықпал ететін маңызды фактор. Жиында Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов сөз алып, қаланың алты ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді. Оның айтуынша, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында Кентау қаласының жалпы өнім көлемі 41,2 миллиард теңгені құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 113,5 пайыздық өсім көрсеткіші. Ал қалалық бюджет 9,4 миллиард теңгеге жетіп, жоспарланған көрсеткіштерден асып түсті. Жеке табыстар жоспары 2,1 миллиард теңге болса, нақты орындалуы 2,4 миллиард теңгені немесе 111,6 пайызды құраған. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі де айтарлықтай өскен. Жоспар бойынша 11,4 миллиард теңге көзделген болса, нақты орындалуы 12,3 миллиард теңгеге жетіп, өсім байқалды. Өнеркәсіп саласы да тұрақты даму үстінде. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 27,6 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,2 миллиард теңгеге артты.

Кеңес барысында басқарма басшылары да өз салалары бойынша есеп беріп, кездесіп отырған проблемалар мен оларды шешу жолдарын ұсынды. Облыс әкімі жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктей отырып, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қаладағы санитарлық тазалықты күшейтуді де ерекше атап өтті. Барлық тапсырмалар арнайы хаттамаға енгізіліп, орындалуы бақылауға алынатын болды. Кентау қаласына жасалған бұл сапар мен актив отырысы қаланың даму перспективаларын айқындап қана қоймай, нақты міндеттер мен бағыттарды белгілеуге мүмкіндік берді. Облыс басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан бұл шаралар алдағы уақытта Кентаудың экономикалық әлеуетін арттыруға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға елеулі үлес қосары сөзсіз.