ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТ, ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ БАСТЫ НАЗАРДА

20
0

Түркістан облысы соңғы жылдары өңірлік дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Әлеуметтік тұрақтылықпен қатар, өндіріс, ауыл шаруашылығы және инвестициялық климатты жақсартуға басымдық беріліп отыр. Осы орайда облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың Төлеби ауданына жасаған жұмыс сапары барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына жан-жақты талдау жасалып, нақты міндеттер айқындалды.

Сапар аясында облыс басшысы аудан көлеміндегі бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралап, құрылыс, білім, кәсіпкерлік бағыттарындағы жобалармен танысты. Одан кейін аудан активімен кеңейтілген мәжіліс өткізіп, Төлеби ауданын дамыту жолдарын саралады. Облыс әкімінің мәлімдеуінше, 2025 жылдың алғашқы алты айында Төлеби ауданына негізгі капиталға 20,3 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш, әрине, аймақ үшін айтарлықтай нәтиже саналады. Алайда аудан бойынша барлық ауылдық округтер бірдей белсенділік танытып отырған жоқ. Бірқатар ауыл әкімдері белгіленген жоспарларды орындай алмай, инвестициялық жұмыстарды ширата алмай отыр. Облыс басшысы бұл жағдайға байланысты сын айтып, ауылдық округ әкімдері мен аудан әкімінің салалық орынбасарларына жұмысты жедел түрде жолға қоюды тапсырды. Сонымен қатар, аудан орталығы – Ленгір қаласы инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілгенімен, соңғы жылдары мұнда бірде-бір жаңа инвестициялық жобаның жүзеге аспағаны атап өтілді. Бұл — алаңдаушылық тудыратын мәселе. Себебі толық инфрақұрылымы бар қалада жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарының ашылмауы – мүмкіндіктерді тиімді пайдаланбаудың айғағы.

Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов өз есебінде алты айлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді баяндап өтті. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Төлеби ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 70,8 миллиард теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39 пайызға артқан. Мұндай қарқынды өсім өңір экономикасының тұрақты даму траекториясына түскенін көрсетеді. Жалпы өңірлік өнімнің құрылымына көз жүгіртсек, 53,3 пайызы өнеркәсіп саласына тиесілі. Бұл саладағы өнім көлемі 37,7 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 107,9 пайыз болды. Айта кетерлігі, өңдеу өнеркәсібінің көрсеткіші де жоғары — 34 миллиард теңгені құрап, 10,7 пайыздық өсім тіркелген. Бұл Төлеби ауданында өндірістік негіздің тұрақты түрде кеңейіп жатқанын білдіреді. Ауыл шаруашылығы саласының үлесі жалпы өңірлік өнімнің 20,4 пайызын құрап отыр. Бұл бағытта да даму әлеуеті жоғары, алайда әкімдік тарапынан салааралық теңгерімді сақтау үшін ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің үйлесімді дамуына назар аудару қажет.

Келесі маңызды мәлімет — алдағы уақытта іске асырылатын жаңа инвестициялық жобалар. 2025 жылы Төлеби ауданында жалпы құны 6,5 миллиард теңгені құрайтын 4 ірі жоба іске асып, 180 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл тек экономикалық ғана емес, әлеуметтік маңызы жоғары бастама. Жұмыссыздық деңгейін төмендету, халықтың табысын арттыру — аудан дамуының басты көрсеткіштерінің бірі. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, инвестициялық әлеуетті арттыру мақсатында Киелітас ауылдық округінде 14 гектар жерге шағын өндірістік парк салу жоспарланып отыр. Бұл бастама өңірге жаңа инвесторларды тартуға және кәсіпкерліктің дамуына қосымша мүмкіндік береді. Өндірістік парктер — инфрақұрылымы дайын, қолайлы жағдай жасалған кәсіпкерлік орталықтары ретінде тиімділігін көрсетіп үлгерген құрал. Бұл жоба сәтті іске асса, аудан экономикасына жаңа серпін береді. Жиын барысында облыс басшысы экологиялық тәртіп пен қоршаған ортаның тазалығына да ерекше тоқталды. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының жыл бойы жалғасатындығын және бұл тек маусымдық шара емес, күнделікті өмір салтына айналуы қажет екенін баса айтты. Аудан әкімдігіне тазалықты жүйелі түрде бақылауда ұстау және тұрақты қоғамдық мәдениетті қалыптастыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Төлеби ауданы бүгінде Түркістан облысының экономикалық және әлеуметтік әлеуеті жоғары аймақтарының бірі саналады. Соңғы алты айдағы көрсеткіштер ауданның тұрақты даму үстінде екенін көрсетеді. Дегенмен пайдаланылмай отырған ресурстар мен іске аспай жатқан мүмкіндіктер бар. Инфрақұрылымы толық қалаларда инвестициялық жобалардың болмауы, кейбір ауыл округтерінің белсенділігінің төмендігі — бұл болашақта шешілуі тиіс басты мәселелер.