Болашаққа бағдар түзген білім ордасы

319
0

«Келешегіміздің кілті- бүгінгі шәкірттердің қолында,ал шәкірттердің тағдыры ұстаздың қолында»,- деп айтқан Елбасымыз Н.Назарбаевтың ұлағатты сөзін өз қызметтерінің «Темірқазығы» ретінде ұстанып жүрген Шымкент қаласындағы №3 Ұлықбек атындағы жалпы орта мектептің ұстаздары өнерлі де өнегелі өрендер тәрбиелеуде өзге білім ордаларындағы әріптестеріне үлгі көрсетіп те келеді. Біздің бұл сөзімізге аталмыш мектеп мұғалімдерінің кейінгі жылдар бедерінде әр түрлі тақырыптардағы педагогикалық оқуларда үздіктер қатарынан көрініп жүргендері де жарқын мысал болғандай. Мәселен, соңғы қалалық педагогикалық оқуда осы мектептің жеті бірдей ұстазы шығармашылық жетістіктері үшін зор құрметке бөленді. Біз сөз етіп отырған майталмандардың қол жеткізген бұл көрсеткішін талмай ізденудің нәтижесі деп бағалағанымыз абзал. Мектеп мұғалімдері өз іс-тәжірибелерін өзге әріптестерімен бөлісіп отыру мақсатында газет-журналдарға мақалалар жариялап отыруы да үлгілі үрдіске айналдырған.
Осындай ұлағатты ұстаздардан тәлім-тәрбие алып отырған шәкірттер де өзге құрбы-құрдастарына үлгі бола білуде. Беделді болудың негізі белсенділікте екендігін жете сезінген жас өрендер әр түрлі байқаулар мен конкурстарға да жиі қатысып келеді. Осындай іс-шаралардың бірқатары былай аталады: «Ақ бота», «Алтын Руно ( тарих пәні бойынша) «Кенгуру» ж.т.б. Осы тұста мына бір жағымды жаңалықты да айта кеткіміз келеді. Павлодар қаласында өтетін халықаралық мәні бар бас қосуға мектептің екі бірдей шәкірті қатысып қайтпақ. Енді мектептің бүгінгі тыныс-тіршілігіне де тоқтала кетелік. Бүгінгі күнге дейін 10 пән апталығы, барлық пәндер бойынша ашық сабақтар, мектепішілік 2 семинар өткізілген. Осынау іс-шаралардың барлығы да талмай талаптану мен індете ізденудің нәтижесінде жүзеге асқанын айта кеткіміз келеді. Бұл орайда мектептегі 117 мұғалімнің тигізіп отырған оң ықпалы айрықша зор деп білеміз. Олардың 42-сі жоғары, ,43-і бірінші, 15-і екінші санатты екендігін айта кеткеніміз орынды. Сөзімізді түйіп айтар болсақ, №3 Ұлықбек атындағы мектеп көш бастап, болашаққа бағдар түзіп отыр. Ендеше, алтын ұя- білім ордасының алар асуы аласармағай. Бұл біздің ізгі ниетпен айтылған жүрек-жарды тілегіміз!

Асхат Сұлтанов.