ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП ЖАТҚАН МАҢЫЗДЫ ЖОБАЛАР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков Түлкібас ауданына арнайы іссапармен келіп, әлеуметтік, өндірістік және ауыл шаруашылығына бағытталған бірқатар нысандарды аралап шықты. Сапар мақсаты – өңірлік даму көрсеткіштерін саралау, жаңа жобалармен танысу және жергілікті халықтың өзекті мәселелерін талқылау болды.
Сапардың басты бағыттарының бірі – Састөбе ауылында жүзеге асып жатқан ірі жобалар болды. Ең алдымен делегация «Састөбе инновациялық кешені» мекемесінің құрылыс алаңына барды. Бұл кешен өңірдің өнеркәсіптік келбетін өзгертетін, ірі әрі кешенді өндірістік жоба ретінде қарастырылады. Жоба аясында жылына 1 миллион тонна цемент, 400 мың тонна әк, каустикалық сода, ПВХ және кальций карбиді өндіру көзделген. Мұндай өнімдер құрылыс, химия және энергетика салаларында жоғары сұранысқа ие. 2024 жылы басталған кешен құрылысы 2027 жылы аяқталуы тиіс. Жоба іске қосылғанда 1200 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр. Бұл – аудан экономикасына қомақты серпін беретін фактор. Одан кейін делегация қуаттылығы 180 МВт болатын «Састөбе химиялық кешенінің» сыртқы электрмен жабдықтау желілерінің құрылыс барысымен танысты. Жоба 2026 жылы аяқталып, жалпы құны 9,6 миллиард теңгені құрайтын ірі инфрақұрылымдық бастама ретінде Састөбе аймағының энергетикалық қауіпсіздігіне үлес қосады.
Сапар барысында 1973 жылы салынған, бүгінде жұмыс істеп тұрған №186 дәрі-дәрмек қоймасының қызметімен де танысу жүргізілді. Жалпы ауданы 2329,8 шаршы метр болатын қойма қазіргі таңда өңірдің фармацевтикалық логистикасын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бұл бағыт – медициналық жабдықтау жүйесін жергіліктендіру, тасымалдау шығындарын азайту сынды бірқатар тиімділік береді. Ауыл шаруашылығы бағытындағы жобалар қатарында делегация «Ауғанбай ата» ауыл шаруашылығы кооперативінің жұмысымен танысты. Бұл кооператив «Жайлау дәмі» сауда белгісімен танымал экологиялық таза сүт өнімдерін – айран, сүзбе, қаймақ және сары май шығарады. Қазіргі таңда мекеме тәулігіне 500 литр сүт қабылдап, үш жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мекеме басшылығы алдағы уақытта өндіріс көлемін арттырып, өнім түрлерін кеңейтуді жоспарлауда. Бұл бағыт ауылдағы жұмыссыздықты төмендетуге, отандық өнім үлесін арттыруға және ауыл экономикасын нығайтуға ықпал етеді.
Келтемашат ауылдық округіндегі Даубаба ауылында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 100 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр. Делегация нысанның қазіргі жағдайымен танысып, ауыл инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жөнінде мәлімет алды. Ауылда электр жүйелерін жаңарту, ішкі инженерлік желілерді қайта жабдықтау, сондай-ақ ауыз су және көше жарығы сынды маңызды мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Сапар соңында вице-министр мен облыс әкімінің орынбасары жергілікті тұрғындармен кездесу өткізіп, халықтың өтініш-тілектеріне құлақ асты. Ауыл тұрғындары ауыз су тапшылығы, жұмыссыздық, электр жарығының жиі өшуі секілді мәселелерді көтеріп, тарихи атауды қалпына келтіру туралы да ұсыныс білдірді. Барлық өтініштер назарға алынып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Бұл сапар Түлкібас ауданындағы өзекті мәселелерді дер кезінде көтеріп, мемлекеттік деңгейде назар аудару қажеттігін көрсетті. Сонымен қатар ірі өнеркәсіптік, энергетикалық және аграрлық жобалардың жүзеге асырылу барысын бақылау, ауыл халқының нақты сұраныстарын ескеру – аймақтық басқарудың жаңа, ашық әрі тиімді тәсілге бет бұрғанын дәлелдейді. Түлкібас ауданы өндіріс пен ауыл шаруашылығын ұштастыра отырып, экономикасын жаңаша бағытта дамытатын, тұрақты өсімге негізделген үлгілі өңірлердің біріне айналып келеді. Мемлекеттік қолдау мен инвестициялық бастамалар арқасында бұл үрдіс одан әрі жалғасын таппақ.