ТҰРҒЫНДАР ӨТІНІШІ ЕСКЕРІЛДІ

27
0

Соңғы жылдары қаладағы қоғамдық кеңістіктерді қауіпсіз әрі ыңғайлы ету бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты іске асуының бір көрінісі. Өйткені аталған тұжырымдама аясында билік органдары халықпен тұрақты байланыс орнатып, тұрғындардан түскен ұсыныстар мен шағымдарға дер кезінде жауап беруге міндетті.

Өткен жылы Қажымұқан стадионы мен Дендросаябақ арасындағы бұрынғы балалар теміржолының орнына жаңа серуен аймағы салынды. Бұл аумақ қысқа мерзім ішінде қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналды. Алайда серуен аймағын тек жаяу жүргіншілер ғана емес, велосипедшілер мен самокат тізгіндегендер де пайдаланып келген. Бір қарағанда бұл – ортақ кеңістікті барлығының игілігіне жаратуға мүмкіндік беретін жақсы үрдіс сияқты көрінгенімен, іс жүзінде қауіпсіздік тұрғысынан бірқатар мәселелер туындады. Тұрғындар тарапынан түскен өтініштер мен шағымдарда соңғы кездері самокат пен велосипедтің жылдамдығын шамадан тыс асыру салдарынан бірнеше рет жаяу жүргіншілердің қағып кету жағдайлары болғаны айтылған. Мұндай оқиғалар қоғамда алаңдаушылық тудырып, бұл мәселені тез арада шешуді талап етті. Қалалық әкімдік өтініштерді назардан тыс қалдырмай, дүйсенбіден бастап аталған аймақта велосипед пен самокат жүргізуге тыйым салу туралы шешім қабылдады. Бұл шешімнің басты мақсаты – қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жаяу жүргіншілердің демалысын жайлы ету. Қазіргі таңда серуен аймағында жол белгілері толық жаңартылып, ендігі жерде ол тек жаяу жүргіншілер жүретін аумақ болып қала береді.

Дегенмен, қала билігі велосипедшілер мен самокат пайдаланушыларын назардан тыс қалдырған жоқ. Оларға арнайы «Денсаулық жолы» деп аталатын жаңа веложол салынды. Оның жалпы ұзындығы – 13,1 шақырым. Қазіргі уақытта Бәйдібек би даңғылы мен Бозарық айналма жолына дейінгі 3,5 шақырымдық бөлігі пайдалануға берілді. Бұл жолдың басты артықшылығы – қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталуы және қозғалыс қатысушыларының өзара кедергісіз қозғалуына мүмкіндік беруі. Сонымен қатар веложолды ұзарту жұмыстары да жалғасып жатыр. Жаңа бағыт А-2 айналма жолымен Ипподромға дейін созылып, қосымша 4,1 шақырым жол салу жоспарланған. Жоба толық аяқталған соң қала тұрғындары үшін заманауи, ыңғайлы әрі қауіпсіз велоинфрақұрылым қалыптасады. Бұл мысал – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының өмірде қалай іске асатынының айқын дәлелі. Тұрғындардың өтініштері ескеріліп, мәселе жедел шешімін тапты, сонымен бірге барлық тараптың мүддесі үйлестірілді. Нәтижесінде жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз серуен аймағы сақталса, велосипедшілер мен самокат жүргізушілеріне арнайы жаңа мүмкіндік жасалды. Осындай теңгерімді шешімдер қала өмірінің сапасын арттырып қана қоймай, билік пен халық арасындағы сенімді нығайтады. Ең бастысы – әр азаматтың дауысы естіліп, нақты іс жүзінде көрініс табуда.