ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ЖАҢА ҚҰРАМЫ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БЕЛСЕНДІ БАСТАДЫ

Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің IV шақырылымы 2025 жылдың 12 наурызында ресми түрде бекітіліп, өзінің жұмысын бастады. Қалалық мәслихат төрағасының өкімімен бекітілген жаңа құрамға әртүрлі салада еңбек етіп жүрген 29 қоғам белсендісі енді. Кеңес құрамында азаматтық қоғам өкілдері, мәдениет және өнер саласының майталмандары, білім беру мен медицина мамандары, кәсіпкерлер, заңгерлер, журналистер және бюджеттік сала қызметкерлері бар.
Кеңес мүшелерінің өкілдік құрамы айтарлықтай алуан түрлі. Атап айтқанда, азаматтық қоғам өкілдері – 12 адам, кәсіпкерлер – 7, мәдениет, білім және медицина саласының өкілдері – 6, заңгерлер мен журналистер – әрқайсысы 2 адамнан. Жаңа құрамда алдыңғы шақырылымда жұмыс істеген 9 мүшенің қайта сайлануы тәжірибе мен сабақтастықты сақтауға мүмкіндік берді. Кеңесте гендерлік және этностық тепе-теңдік те назардан тыс қалмаған. Мүшелердің ішінде әйелдер – 5, ер адамдар – 24. Жас ерекшелігі бойынша да кеңес құрамы әркелкі. 18-35 жас аралығында – 4 адам, орта жастағы – 12, орта жастан жоғары – 13 адам бар. Бұл өз кезегінде әр буын өкілінің пікірін ескеруге жағдай жасайды. Қоғамдық кеңестің қызметі төрт тұрақты комиссия арқылы жүзеге асады. Олар — бюджет, экономика және инвестиция мәселелері жөніндегі комиссия, азаматтық қоғаммен байланыс және әлеуметтік саланың дамуы жөніндегі комиссия, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс және коммуналдық шаруашылық бойынша комиссия және сыбайлас жемқорлықпен күрес, заңдылық және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі комиссия. Әр комиссия өз бағытына сәйкес қаладағы өзекті мәселелерді зерттеп, талқылап, нақты ұсыныстар әзірлейді. Кеңес құрылған сәттен бастап 5 жоспарлы отырыс өткізіліп, сенат депутаттарымен және жастармен кездесулер ұйымдастырылды. Сонымен қатар, кеңес ішінде апталық жұмыс тәртібі қалыптасқан: әр сейсенбі күні мүшелер апта ішінде қордаланған мәселелерді, келіп түскен өтініштерді және алдағы жоспарларды талқылайды.
Есепті кезеңде қала әкімдігіне қарасты 8 басқарманың, 1 аудан әкімінің және 1 департамент басшысының есептері тыңдалған. Барлығы 15 мәселе қаралып, 5 хаттама рәсімделген. Мемлекеттік органдарға 50-ге жуық ұсыныс жолданып, оның ішінде бірқатар маңызды шешімдер қабылдануына ықпал етілді. Айта кетерлігі, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің қалалық департамент басшысының есебі қанағаттанарлықсыз деп танылып, қайта қарауға қалдырылған. Бұл – Қоғамдық кеңестің тек ұсыныстар беріп қана қоймай, орындалу сапасына да бақылау жасайтынының айқын дәлелі. Сондай-ақ, кеңес жиындарында 30-ға жуық нормативтік құқықтық акт жобасы талқыланды. Бұл құжаттардың көпшілігі әлеуметтік, экономикалық және инфрақұрылымдық дамуға тікелей әсер ететін маңызды мәселелерді қамтыды. Жалпы алғанда, Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің IV шақырылымы жұмысының алғашқы айларында белсенділігімен, ашықтығымен және тұрғындардың пікірін ескеруге ұмтылуымен ерекшеленіп отыр. Кеңес мүшелері алдағы уақытта да қала өмірінің маңызды салаларын жіті бақылауда ұстап, халық пен билік арасындағы ашық диалог алаңын нығайтуға ниетті.