ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСУ ЖОЛЫНДАҒЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС

46
0

Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің IV шақырылымы өз қызметін тек ресми жиындармен шектемей, қаладағы өзекті мәселелерді тікелей бақылау арқылы шешуге басымдық беріп отыр. Кеңес мүшелері түрлі әлеуметтік, инфрақұрылымдық және экологиялық нысандарға барып, жағдайды көзбе-көз бағалап, тиісті ұсыныстарды жауапты органдарға жолдауда.

Атап айтқанда, кеңес мүшелері Шымкенттің ескі қалашығы – Цитадель аумағындағы тарихи нысандардың қазіргі ахуалын, Металлург саябағындағы абаттандыру жұмыстарын, қаланың жасыл желегін күтіп-баптау мен ағаштарды суару жағдайын, Бозарық шағын ауданындағы бейберекет қоқыс үйінділерін және Бадам өзені бойындағы шағал тастарының заңсыз пайдаланылуын назарға алды. Сондай-ақ А.Асқаров атындағы дендросаябақтағы көгалдандыру жұмыстары да кеңес назарынан тыс қалған жоқ. Мониторинг нәтижесінде анықталған мәселелер бойынша жауапты басқарма басшыларына және дендросаябақ директорына нақты ұсыныстар беріліп, олардың орындалу мерзімі белгіленді. Бұл қадам — халық пен билік арасындағы байланысты нығайтудың айқын көрінісі. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясына да Қоғамдық кеңес белсенді атсалысты. Кеңес мүшелерінің бастамасымен және «Сити Строй» ЖШС-нің демеушілігімен Д.Қонаев көшесіне 1300 түп ағаш отырғызылды. Мұндай шаралар қала экологиясын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың табиғатты қорғау мәдениетін арттыруға ықпал етеді.

Ашықтық пен жариялылық – Қоғамдық кеңестің басты қағидаларының бірі. Кеңестің барлық жұмысы туралы ақпарат Шымкент қаласы мәслихатының ресми сайтындағы арнайы бөлімде тұрақты түрде жарияланып отырады. Бұған қоса, кеңес мүшелері «Kazkenes» республикалық платформасында тіркелген және әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жүргізуде. Әр мүше өз парақшасында атқарылған істер жайлы есеп беріп, оқырмандарымен кері байланыс орнатады. Қоғамдық кеңес отырыстары ашық форматта өтіп, қоғамдық маңызы бар мәселелер талқыланады. Мұндай тәсіл жергілікті билік пен халық арасындағы сенімді нығайтып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты іске асуына жол ашуда.