ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ КӘСІПОДАҚ НАЗАРЫНДА

«Қалың қалай, бастауыш ұйым» акциясы аясында «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының мүшелік ұйымы Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерімен кездесу өтті.
Шараға «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқымбек Құрманбек, мекеме басшысы Ерсұлтан Амзеев және кәсіподақ төрайымы Гүлия Белгібаева қатысты. Жиын барысында қатысушылар қызметкерлердің жағдайымен танысып, олардың жұмыс барысындағы ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Кездесудің негізгі мақсаты – еңбек қатынастары мен техника қауіпсіздігі мәселелерін талқылау болды. Мамандар жұмыс орнындағы қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңыздылығына тоқталып, қызметкерлердің құқықтары мен міндеттері жөнінде жан-жақты түсіндірме берді. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты және толық жауаптар алды. Бұдан бөлек, жиналғандарға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезінде және «Қызмет» салалық кәсіподағының XII съезінде қабылданған шешімдер таныстырылды. Кәсіподақтардың 2025-2030 жылдарға арналған даму бағдарламасын жүзеге асыру бағыттары түсіндірілді.
Жиын соңында қызметкерлерді алдағы «30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен» және Ата заңның 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, бірқатар еңбек озаттары кәсіподақ наградаларымен марапатталды. Атап айтқанда «Еңбек озаты» төсбелгісі күзетші Әбдіманап Жора Әбділлахапұлына және санитар тазалаушы Усманова Жамиля Джумадиллаевнаға табысталды. «Құрмет грамотасымен» күзетші Дәрібай Мұрат Жұмаділлаұлы марапатталды. «Алғыс хатпен» күзетшілер Абдуманапов Нургелды Абдулахапович және Бадамбаев Бауржан Жумабекович марапатталды. Бұл кездесу еңбек ұжымындағы бірлік пен ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, қызметкерлердің әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған нақты қадам болды.