МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ АЗАМАТТАРДЫ ЖЕКЕ МӘСЕЛЕЛЕРІМЕН ҚАБЫЛДАДЫ

Қоғам мен билік арасындағы байланыс тұрақты әрі ашық диалогқа сүйенгенде ғана халықтың сенімі артады. Қазақстандағы саяси партиялар соңғы жылдары азаматтардың талап-тілегін тікелей тыңдау үшін түрлі алаңдар құрып, қоғамдық қабылдауларды жиі өткізіп келеді. Осындай маңызды кездесулердің бірі Шымкент қаласында өтті. «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, партия фракциясының мүшесі Болатбек Нажметдинұлы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Бұл кездесу «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылды. Жиынға партияның жергілікті филиалы өкілдері, құқық қорғау органдары, басқарма басшылары мен аудандық әкімшілік қызметкерлері қатысты. Қабылдау барысында тұрғындар негізінен жер, тұрғын үй, әлеуметтік қолдау және құқықтық мәселелерін көтерді. Әсіресе Нұрсәт шағын ауданының І топ мүгедегі айтқан жағдай көпшіліктің назарын аударды. Оның көлігіне бірнеше миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, бұл қарыздың көлемі жылдар өте өскен. Заңға сәйкес қарызы қысқартылғанымен, азамат әлі күнге дейін банктік есеп-шоттарын аша алмай келеді. Бұл мәселе әлеуметтік тұрғыдан осал топ өкілдерінің қиындыққа тап болғанын көрсетеді. Депутат мәселені тыңдап, прокуратура мен құзырлы органдар тарапынан зерттелетінін айтты. Кездесуде тұрғын үй саласындағы түйткіл де көтерілді. Нұрсәттегі көпқабатты үйдің тұрғыны лифтінің істен шыққанын айтып, қызмет көрсетуші мекеменің келісім-шарттағы міндеттерін орындамай отырғанын жеткізді. Бұл – қаладағы көптеген көпқабатты үй тұрғындарына ортақ мәселе. Болатбек Нажметдинұлы тиісті басқармаларға жағдайды толық зерттеп, бір ай ішінде заң аясында оң шешім қабылдауды тапсырды. Жалпы қабылдауға жиырмадан астам азамат келді. Олардың біразының мәселесі бірден шешімін тапса, кейбір сұрақтар ұзақ уақытты қажет ететіндіктен хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды. Бұл тәсіл әрбір азаматтың өтініші назардан тыс қалмайтынын және партия тарапынан бақылауда болатынын көрсетеді. Мұндай қоғамдық қабылдаулардың маңызы зор. Біріншіден, олар халықтың билікке деген сенімін күшейтеді. Тұрғындар өз проблемасын тікелей депутатқа айтып, жауапты органдардың қатысуымен шешім іздейді. Екіншіден, қабылдаулар жүйелі түрде жүргізілгенде мемлекеттік мекемелердің жұмысына қоғамдық бақылау артады. Әрбір шағым билік пен қоғам арасындағы байланыстың қаншалықты тиімді екенін көрсететін индикаторға айналады. Сонымен қатар, бұл кездесулер әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етудің бір жолы. Мүгедектер, зейнеткерлер, тұрмысы төмен отбасылар немесе қарапайым еңбек адамдары кез келген уақытта депутатқа тікелей шығып, мәселесін жеткізе алады. Бұл – демократиялық мәдениеттің қалыптасуына ықпал етеді.

AMANAT партиясы соңғы жылдары әлеуметтік бағыттағы бастамаларды алдыңғы орынға қойып келеді. Тұрғындардың өтініштерін тыңдау, нақты шешім қабылдауға ықпал ету – партияның саяси беделін ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілігін де көрсетеді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында мұндай қабылдаулардың жиі өткізілуі Қазақстандағы билік пен қоғам диалогының дамып келе жатқанын дәлелдейді. Қорытындылай айтқанда, Шымкенттегі қоғамдық қабылдау барысында көтерілген әрбір мәселе тек жеке адамның ғана емес, жалпы қоғамдағы әлеуметтік және құқықтық түйткілдердің айнасы іспетті. Лифт жөндеу, айыппұл дауы, жер мен баспанаға қатысты сұрақтар – бұлар мыңдаған адамның күнделікті өміріне тікелей әсер ететін проблемалар. Сол себепті депутаттар мен партияның белсенді араласуы халықтың сенімін нығайтып, әлеуметтік әділдіктің орнауына жол ашады.