ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІ МЕН ШАҒЫМДАРЫ ҚАРАЛДЫ

Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының Әл-Фараби аудандық филиалы тұрғындармен тікелей байланыс орнатуды жалғастырып келеді. Жуырда партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінде кезекті кездесу өтті. Мәслихат депутаты, партия фракциясының мүшесі Бөкейхан Әбішев аудан тұрғындарын жеке қабылдап, олардың өтініштері мен шағымдарын тыңдады.

Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі әлеуметтік көмек мәселесін көтерді. Әсіресе, көпбалалы аналар, тұрмысы төмен отбасылар мен мүгедектігі бар азаматтар өздерінің өмірлік қиындықтарын ашық жеткізді. Олардың басты сұрағы – күнделікті тұрмысқа қажетті қолдау мен мемлекеттік көмектерге қол жеткізу жолдары болды. Депутат әрбір өтінішті мұқият тыңдап, жедел шешім қабылдауға тырысты. Бірқатар мәселелер бойынша тиісті мемлекеттік органдарға ресми хаттар жолданып, азаматтарға нақты жауап алуға мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар, партия тарапынан да қосымша көмек көрсетілген жағдайлар болды. Қоғамдық қабылдауға жұмыс іздеп келген азаматтар да қатысты. Оларға депутат Бөкейхан Әбішев кәсіби дағдылары мен тәжірибесіне сәйкес бос жұмыс орындарын қарастыруға көмектесіп, еңбек нарығы бойынша бағыт-бағдар берді. Жұмысқа орналасудың нақты жолдары түсіндіріліп, кейбір тұрғындарға жұмыс орындары ұсынылды. Бұл қадам жұмыссыз жүрген азаматтар үшін үлкен қолдау болды. Қабылдау барысында тұрғындар кәсіпкерлік мәселелерін де көтерді. Өз ісін ашқысы келетін азаматтарға несие алу, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктері жайлы кеңестер берілді. Бұл өз кезегінде халықтың табыс көзін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады.

«AMANAT» партиясының өкілдері мұндай қабылдаулардың басты мақсаты – халықтың мұң-мұқтажын тыңдап қана қоймай, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау екенін атап өтті. Партия қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, әлеуметтік мәселелерді шешуге, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға күш салып келеді. Қоғамдық қабылдаулардың тиімділігі – тұрғындар өз мәселелерін тікелей жеткізе алады, ал депутаттар мен партия өкілдері сол өтініштерді нақты шешімдерге айналдыруға тырысады. Бұл – халық пен билік арасындағы сенімді байланысты нығайтатын тиімді құрал. Әл-Фараби ауданында өткен кезекті қабылдау да соның айғағы болды. Әрбір тұрғынға жеке көңіл бөлініп, нақты нәтижелерге бағытталған шешімдер қабылданды. Мұндай шаралар қоғамдағы әлеуметтік әділдікті нығайтуға, тұрғындардың сенімін арттыруға ықпал етуде. «AMANAT» партиясы алдағы уақытта да қоғамдық қабылдауларды жалғастырып, халықтың талап-тілектерін орындауға атсалысуды мақсат етеді. Өйткені азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, олардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау – партияның басты ұстанымдарының бірі болып қала береді.