САУРАНДА ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН 254 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

Түркістан облысы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан серпінді дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Соның ішінде Сауран ауданы аймақтың экономикалық өсіміне айтарлықтай үлес қосып отыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің жұмыс сапары барысында өткен аудан активімен кездесу Сауранның даму көрсеткіштері мен алдағы міндеттерін айқындап берді.

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың мәліметінше, Сауран ауданының жалпы өңірлік өнімі 36,9 млрд теңгеге жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 43,6 пайыздық өсімді көрсетеді. Экономикалық құрылымға көз жүгіртсек, ауыл шаруашылығы үлесі – 40 пайыз, өнеркәсіп – 35 пайыз, құрылыс – 19 пайыз, сауда – 6 пайызды құрап отыр. Жыл соңына дейін 135 млрд теңгенің өнімі өндірілмек. Бұл – ауданның экономикалық әлеуетінің зор екенін айғақтайтын дерек. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және инфрақұрылым салаларын дамытуға баса назар аударуды тапсырды. Оның айтуынша, экономикалық өсімнің негізі – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, салықтан жалтаруға жол бермеу және орта кәсіпті дамыту. Бұл бағытта кірістер басқармасымен бірлескен жұмыс күшейтілуі тиіс. Инвестиция – аудан экономикасының басты тіректерінің бірі. Сауранға тартылған инвестиция көлемі 29,5 млрд теңгені құрайды. Шаға өндірістік аймағында 10 кәсіпорын іске қосылып, 500-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жыл соңына дейін 254 жоба жүзеге асырылып, 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл көрсеткіштер Сауранның облыс экономикасындағы орны нығая түсетінін білдіреді. Ауданның дамуына серпін беретін тағы бір маңызды бағыт – туризм. Биылғы жеті айда өңірге 65 мыңнан астам турист келген. Ежелгі Сауран қалашығы, Үкаша ата мен Жүсіп ата кесенелері туристердің жиі баратын орындарының қатарында. Қазіргі таңда 3,8 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, жеті туристік нысанның құрылысы жүріп жатыр. Әсіресе Ақсу шатқалында экотуризмді дамыту жобасы ерекше мәнге ие. Мұнда инфрақұрылымды жақсарту және экологиялық жобаларды енгізу жоспарланған. Туризмнің дамуы аудан экономикасын әртараптандыруға ықпал етпек.

Инфрақұрылым саласында да оң өзгерістер байқалады. Құрылыс көлемі 5,4 млрд теңгеге жетіп, 29,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Биыл жеті елді мекенге ауыз су желілері тартылуда. Газдандыру деңгейі 43,3 пайызға жеткен. Бұл жұмыстар халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Ауыл шаруашылығы – Сауран экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Жеті айда 18 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 114,3 пайыз өсім көрсеткен. 45 мың гектардан астам жерге егіс егілген. Қарбыз, қауын және көкөніс өнімдері Ресей мен Беларусь елдеріне экспортталуда. Бұл жергілікті шаруалардың экспорттық нарыққа шығуына жол ашып отыр. Кәсіпкерлік саласында да жаңа жобалар қолға алынуда. Сүт зауыты мен тері өңдеу өндірісі – алдағы уақытта іске асырылатын маңызды бастамалар қатарында. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие қарастырылады. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы жергілікті халықты жұмыспен қамтып қана қоймай, ауданның экспорттық әлеуетін де арттырады. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Сауранның әлеуетін жоғары бағалап, аудан әкімдігі мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Оның айтуынша, ауданның қарқынын бәсеңдетпей, халықтың әл-ауқатын көтеру басты міндет болып қала бермек. Әсіресе экономиканы әртараптандыру, инвестициялық жобаларды сапалы әрі уақтылы жүзеге асыруға ерекше назар аударылды. Сарапшылардың пікірінше, Сауран ауданы алдағы жылдары Түркістан облысының экономикалық орталықтарының біріне айналуы мүмкін. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм және кәсіпкерлік салаларындағы жобалар ауданның тұрақты дамуына негіз болады.

Қорытындылай айтқанда, Сауран ауданының даму қарқыны – аймақтың әлеуетін тиімді пайдаланып отырғанының айғағы. Инвестициялық жобалардың жүзеге асуы, инфрақұрылымдық мәселелердің шешілуі және ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортқа шығуы – ауданның жаңа экономикалық белеске көтерілгенін көрсетеді. Бұл үрдіс жалғасса, Сауран облыстың ғана емес, еліміздің де әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосатын аймаққа айналары анық.