ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУ ПЕДАГОГТЕРІНІҢ СЕКЦИЯЛЫҚ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Бүгінгі қоғамда қосымша білім беру жүйесінің рөлі жылдан жылға артып келеді. Жаһандану дәуірі мен цифрландыру үдерістері білім беру саласына жаңа міндеттер жүктеп отыр. Осы тұрғыда Түркістан қаласында өткен «Қосымша білім берудің кәсіби бағдарлау миссиясы: қызығушылықтан – болашақты таңдау» тақырыбындағы қосымша білім беру педагогтерінің секциялық отырысы ерекше маңызға ие болды.
Секция отырысы қосымша білім берудің жаңа мазмұнын қалыптастыру, оқушылардың қабілетін ашу және кәсіби бағдарлаудағы тың тәсілдерді айқындау алаңына айналды. Цифрландыру дәуіріндегі сын-қатерлер мен мүмкіндіктерді ескере отырып, білім беру сапасын арттырудың жолдары талқыланды. Әсіресе, шығармашылық әлеуетті дамыту, жаңа технологияларды қолдану, әр баланың қызығушылығына сәйкес болашақ мамандығын таңдауға бағыттау мәселелері көтерілді. Қосымша білім беру жүйесінің негізгі ерекшелігі – оқушының мектептегі стандартты оқу бағдарламасынан тыс қызығушылықтарын дамытатын орта қалыптастыруында. Бұл – шығармашылық үйірмелер, спорттық секциялар, ғылыми жобалар, өнер және техника бағыттарындағы курстар арқылы жүзеге асады. Мұндай мүмкіндіктер балалардың өз қабілетін тануына, жаңа қырларын ашуына жағдай жасайды. Отырыста осы мәселелер педагогтер тарапынан кеңінен талқыланды. Цифрландыру дәуірінде қосымша білім беру жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Онлайн-платформалар, қашықтан оқыту құралдары, жасанды интеллект негізіндегі бағдарламалар балалардың шығармашылық дамуын қолдауда тиімді құралға айналуда. Дегенмен цифрлық технологиялармен бірге жаңа сын-қатерлер де туындады. Яғни балалардың экран алдында көп уақыт өткізуі, дайын ақпаратқа тәуелділік, тұлғалық қарым-қатынастың азаюы өзекті түйткіл болып отыр. Сондықтан ұстаздар қауымы цифрлық мүмкіндіктерді дәстүрлі әдістермен үйлестіріп, білім мен тәрбие сапасын арттырудың тиімді жолдарын іздестіруде.
Секция барысында кәсіби бағдарлау мәселесі ерекше назарға алынды. Қазіргі заманның еңбек нарығы жылдам өзгеріп, жаңа мамандықтар пайда болуда. Мұндай жағдайда оқушының болашақ кәсібін дұрыс таңдауы үшін бағыт-бағдар беру аса маңызды. Қосымша білім беру орталықтары осы міндетті орындауда басты рөл атқарады. Мысалы, техникалық үйірмелер арқылы инженерлік ойлау қалыптасса, өнер студиялары арқылы шығармашылық қабілет дамиды, ал спорт секциялары денсаулықты нығайтып қана қоймай, табандылық пен мақсаткерлікті қалыптастырады. Бұл – кәсіби бағдардың алғашқы баспалдағы. Шара барысында тәжірибе алмасқан педагогтер оқушылардың шығармашылық әлеуетін ашу жолдары, кәсіби бағдарлауда ата-ананың, қоғамның, мектептің бірлескен жұмысының маңызы туралы ой қозғады. Сондай-ақ, ауылдық жерлердегі қосымша білім беру мекемелерінің мүмкіндіктерін кеңейту, балаларды тегін үйірмелермен қамту мәселелері де талқыланды. Жиын соңында мазмұнды баяндамаларымен ерекшеленген ұстаздар Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орыновтың алғыс хатымен марапатталды. Бұл марапат қосымша білім беру саласында еңбек етіп жүрген ұстаздардың еңбегіне берілген әділ баға ғана емес, сонымен бірге олардың ізденістерін, жаңа идеяларын қолдайтын үлкен демеу болды. Секция жұмысы қосымша білім беру саласының дамуы үшін тың серпін берді. Мұндай іс-шаралар ұстаздардың кәсіби деңгейін арттыруға, жаңа әдістемелерді меңгеруге, балаларды заман талабына сай тәрбиелеуге ықпал етеді. Қосымша білім беру жүйесі – ел болашағына салынған инвестиция. Өйткені ертеңгі маманның қызығушылығы бүгінгі үйірмеде қалыптасады.
Қорытындылай келе, Түркістан қаласында өткен секциялық отырыс қосымша білім берудің кәсіби бағдарлаудағы маңызын айқындап, педагогтер қауымына жаңа міндеттер жүктеді. Цифрландыру дәуіріндегі өзгерістерді тиімді пайдалану, әр баланың қабілетін танып, оны болашақ мамандықпен ұштастыру – бүгінгі күннің басты талабы. Ұстаздардың ізденісі мен еңбегі осы талапты жүзеге асыруға бағытталса, еліміздің білім жүйесі жаңа белеске көтерілері анық.