ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫНА АРНАЛҒАН КЕЗЕКТІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТТІ

36
0

 «AMANAT» партиясы тұрғындардың талап-тілегін дер кезінде тыңдап, жергілікті жерлерде қордаланған мәселелердің шешілуіне ықпал етіп келеді. Бұл бағытта партия филиалдары қоғамдық қабылдау бөлмелері арқылы халықпен тікелей жұмыс істеп, олардың ұсыныс-пікірлерін назарға алуда.

Жуырда «AMANAT» партиясы Әл-Фараби аудандық филиалында Шымкент қалалық мәслихат депутаты Сұлтанова Төреайым Жолдыбайқызы аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Мұндай шаралар халық пен билік арасындағы ашық диалогты қалыптастырып қана қоймай, нақты проблемаларды шешуге мүмкіндік беріп отыр. Қабылдау барысында әрбір азаматтың өтініші мұқият тыңдалып, заң аясында түсіндірмелер берілді. Кейбір мәселелерді шешу үшін тиісті мекемелерге хат жолданып, бақылауға алынатыны айтылды. Бұл депутаттық қабылдаулардың басты мақсаты – азаматтардың үнін естіп, олардың құқықтары мен заңды талаптарының орындалуына ықпал ету. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан бірнеше өзекті мәселе көтерілді. Соның ішінде көпқабатты тұрғын үйлердегі лифттің істен шығуы мен оны жөндеу жұмыстарының кешігуі ерекше назарға алынды. Бұл жағдай әсіресе қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға айтарлықтай қолайсыздық туғызып отыр. Депутат тұрғындардың бұл шағымын мұқият тыңдап, мәселені шешу бағытында тиісті мекемелермен байланыс орнататынын жеткізді. Сонымен қатар, қала аумағында түнгі клубтардың қызметіне қатысты шағымдар да айтылды. Тұрғындар мұндай орындардың жұмыс уақыты мен тәртібін шектеуді сұрады. Депутат бұл мәселе бойынша да жауапты органдарға ұсыныс енгізілетінін атап өтті.

Қоғамдық көліктердің жеткіліксіздігі де халықтың бас ауыртар мәселесінің бірі болып отыр. Көптеген тұрғындар таңертеңгі және кешкі уақытта автобустардың жетіспеушілігін айтып, шағымданды. Төреайым Жолдыбайқызы бұл мәселенің жүйелі түрде шешілуі үшін қала әкімдігі мен тиісті басқармаларға депутаттық сауал жолданатынын хабарлады. Қабылдау соңында мәслихат депутаты әрбір арыз иесіне түсіндірме жасап, заң шеңберінде қарастырылатын барлық шаралардың жүзеге асырылатынын атап өтті. Ол сонымен бірге «AMANAT» партиясының басты міндеті – халықпен етене жұмыс істеп, олардың мұң-мұқтажын тыңдау екенін жеткізді. Мұндай қоғамдық қабылдаулар тұрғындардың сенімін арттырып қана қоймай, мемлекеттік органдардың жұмысын да тиімді етуге ықпал етеді. Азаматтар көтерген мәселелердің назардан тыс қалмауы – партияның халықпен тығыз байланыста екенін көрсетеді. «AMANAT» партиясы алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарын жалғастырып, әрбір азаматтың өтінішіне дер кезінде жауап беруге, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бар күшін жұмсай бермек.