ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ АРЫЗ-ШАҒЫМЫН ТЫҢДАДЫ

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдау жалғасуда. Жуырда өткен кезекті қабылдауда мәслихат депутаты, фракция мүшесі Муфтулла Қонақбаев «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында қала тұрғындарымен жүздесіп, олардың арыз-шағымдары мен ұсыныстарын тыңдады.
Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі инфрақұрылым, әлеуметтік қолдау және құқықтық мәселелерге қатысты түйткілдерін ортаға салды. Соның ішінде С.Тасқараев есімді тұрғын өз жобасына мемлекеттік грант ала алмай жүргенін айтып, шағымданды. Оның сөзінше, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағытталған мемлекеттік грантқа бірнеше айдан бері өтініш бергенімен, оң нәтиже шықпаған. «Мен өзімнің жобама қолдау таппай келемін. Мемлекеттік грантты көбіне танысы барлар ғана алып жатыр дегенді еститінмін. Енді өзім сол жағдайға тап болып отырғандаймын» деді ол. Азаматтың шағымын мұқият тыңдаған депутат мәселенің мән-жайын анықтау үшін Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысына тікелей қоңырау шалды. Басқарма жетекшісі грант бөлу үдерісін арнайы комиссия қарайтынын, оған ешкімнің тікелей араласа алмайтынын түсіндірді. Осыған орай Муфтулла Қонақбаев тұрғынға «Өзіңіз көріп отырғандай, басқарма басшысымен сөйлестім. Енді жобаңызды алып, аталған мекемеге қайта барыңыз. Өтінішіңіз тағы да қаралады. Егер берілген жауапқа қанағаттанбасаңыз, депутаттық сауал жолдап, бақылауыма аламын. Бірақ барлық мәселе заң аясында шешілетінін естен шығармауымыз керек» деп түсініктеме берді.
Қабылдау барысында басқа да өзекті мәселелер көтерілді. «Рахима Бегім» балабақшасының бірнеше қызметкері еңбек ақыларын уақытылы ала алмай жүргенін, сондай-ақ еңбек демалысына төленетін қаржылары берілмегенін айтты. Бұл жағдайға бейжай қарамаған депутат тиісті мекемелерге дереу хабарласып, әр шағымды жеке қарастырып, шешу жолдарын пысықтауды тапсырды. Сонымен бірге тұрғындар тарапынан балалар ойын алаңшаларының жетіспеушілігі, әлеуметтік көмек алу кезіндегі қиындықтар сияқты мәселелер қозғалды. Депутат бірқатар өтініштер бойынша жауапты әкімдікке хабарласып, қажетті шараларды қабылдауға ықпал етті.Мұндай қабылдаулар халықтың көкейіндегі өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге септігін тигізіп отыр. «AMANAT» партиясы азаматтардың құқықтарын қорғауға, олардың өмір сапасын жақсартуға және заңды талаптарының орындалуына барынша қолдау көрсетуді басты міндет санайды. Сондықтан партия алдағы уақытта да қоғамдық қабылдауларды тұрақты түрде өткізіп, тұрғындардың өтініш-тілектерін назардан тыс қалдырмайды.