ШЫМКЕНТТЕ «ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КЕРУЕНІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМЫ БАСТАУ АЛДЫ

103
0
Республика күніне орай Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» республикалық форумы басталды, деп хабарлайды Uakit.kz.
«Қайырымдылық керуені» форумын өткізуге Қазақстан халқы Ассамблеясы, Шымкент қаласы әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қоғамдық келісім» РММ ұйытқы болды.
Форум Қазақстан халқы Ассамблеясының 2022-2026 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында және балалар жылы шеңберінде ұйымдастырылуда. Іс-шара балалар шығармашылығын қолдау және дамыту, мүмкіндігі шектеулі балалардың жеке жетістіктерін дәріптеу, олардың үйлесімді дамуы және қазіргі қоғам жағдайында сәтті әлеуметтену үшін қажетті нәтижелерге қол жеткізу мақсатында өтуде. Оған республика бойынша барлық өңірлерден 100-ге жуық балалар келді. Бағдарламаға сәйкес қатысушылар-мүмкіндігі шектеулі балалар Шымкент қаласының қолдауымен қаланың көрікті жерлерін аралап, қалалық хайуанаттар бағында болды.
Жалпы, Шымкент қаласында ел бірлігін арттыру мақсатында Ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдар мен 17 этномәдени бірлестіктер қызмет етуде.
Қазіргі таңда, қайырымдылық шараларына қатысу Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының бір бағыты болып қалыптасты. Бұған дәлел ретінде кеше Қостанай облысындағы өрт салдарынан туындаған жағдайға байланысты Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері тарапынан 2 265 000 теңгеге гуманитарлық көмегі көрсетілсе, жалпы жыл басынан бері ҚХА тарапынан 8,7 млн.теңге қайырымдылық істерге жұмсалды.
Айта кету керек, Республика күні биыл алғаш рет тойланып отыр. Қазіргі уақытта аталған мерекеге орай еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда.