БИЫЛ ШЫМКЕНТКЕ ТАРТЫЛАТЫН ИНВЕСТИЦИЯ 1 ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕДЕН АСАДЫ

Қазақстан экономикасының тұрақты дамуы тікелей инвестициялар көлемімен тығыз байланысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында «Ірі инвесторлармен қатар орта және шағын инвесторлармен де тығыз байланыста жұмыс істеу қажет» деп атап өтуі елдің инвестициялық саясатының басты бағытын айқындап берді. Бұл міндетті жүзеге асыруда Шымкент қаласы көш бастап келе жатқан өңірлердің бірі.

Соңғы жылдары Шымкент экономикасы тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2025 жылдың қаңтар-  сәуір айларында қалаға 233 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 54 пайызға артты. Мұндай өсім – инвестициялық климатты жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Ел Үкіметі бекіткен жоспарға сәйкес, 2025 жылы қалаға 1 трлн 54 млрд теңге инвестиция тартылмақ. Бұл көрсеткіш өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Бес жылдық даму жоспарына сәйкес, 2025–2029 жылдары өңдеу өнеркәсібінде 112 жаңа кәсіпорын ашу көзделген. Жобалардың жалпы құны 406 млрд теңгеге бағаланып отыр. Осының нәтижесінде 8,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Биылдың өзінде жалпы құны 73 млрд теңгені құрайтын 22 кәсіпорын пайдалануға берілмек. Бұл өндірістердің іске қосылуы қала экономикасына қосымша серпін беріп, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға ықпал етеді. Мысалы, 2025 жылдың наурыз айында іске қосылған «QazAlPack» ЖШС-нің алюминий қаптамасын өндіретін зауыты – өңірлік өнеркәсіптің жаңа деңгейге көтерілгенінің нақты дәлелі. Мұндай жобалар өнім көлемін 50 млрд теңгеге дейін ұлғайтып, экспорт көлемін 18 млн АҚШ долларына жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл Шымкенттің тек ішкі нарықта ғана емес, сыртқы саудада да бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Инвесторларды қолдау бағытында да бірқатар тиімді тетіктер қарастырылған. Өнеркәсіптік аймақтарда инфрақұрылымы дайын жер телімдері ұзақ мерзімге жалға ұсынылады, коммуналдық қызметтер төмендетілген тарифпен көрсетіледі. Арнайы экономикалық аймақ резиденттері салықтық жеңілдіктерге ие. Бұл жағдайлар инвесторларға шығындарын азайтып, өндірісті қысқа мерзімде іске қосуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда қала аумағында жалпы көлемі 1 276 гектарды құрайтын 7 өндірістік аймақ жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында 2024 жылы пайдалануға берілген «Жұлдыз» (306 гектар) және «Бозарық» (132 гектар) индустриалды аймақтары бар. Мұндай алаңдардың көбеюі жаңа жобаларды орналастыруға қолайлы жағдай жасап, өндірістің географиясын кеңейтуде. Сонымен қатар, Шымкент қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 24 қаңтардағы қаулысымен «Shymkent Invest – Front office» инвестицияларды тарту және инвесторларды қолдау орталығы құрылды. Бұл орталық «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетіп, инвесторларға әкімшілік кедергілерді азайтуға, келісімшарттарға қол жеткізуге және жобаларды жүзеге асыру процесін жеңілдетуге жағдай жасайды. Сондай-ақ, орталық аналитикалық зерттеулер жүргізіп, қаланың инвестициялық имиджін нығайтуға үлес қосуда. Жалпы, Шымкент қаласының инвестициялық стратегиясы экономиканы әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экспорт әлеуетін арттыруға бағытталған. Жаңа жобалар іске асқан сайын қала тұрғындарының өмір сүру сапасы артып, Шымкенттің Қазақстандағы маңызды экономикалық орталық ретіндегі рөлі нығая түседі.