ШЫМКЕНТТЕ ОРТА АЗИЯДАҒЫ ЕҢ ІРІ ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІ САЛЫНУДА

Азық-түлік қауіпсіздігі – ұлттық қауіпсіздіктің негізгі құрамдас бөлігі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында ішкі нарықты импортқа тәуелділіктен азайту мен отандық өндірісті арттыру Үкіметтің басты стратегиялық міндеті екенін атап өтті. Бұл бағытта қолға алынған ірі жобалардың бірі – Шымкент қаласындағы «Бозарық» индустриялық аймағында салынып жатқан жылыжай кешені.
Ауқымды жоба Түркияның «Alarko Holding» компаниясының инвестициясымен жүзеге асуда. Инвестициялық құны 650 миллион АҚШ долларын құрайтын кешеннің жалпы аумағы 650 гектарды қамтиды. Жылыжай толық қуатына шыққанда жылына 155 мың тонна өнім өндіру жоспарланған. Негізгі дақыл ретінде қызанақ өсіріледі. Бұл тек Шымкенттің ғана емес, бүкіл Қазақстанның көкөніс нарығында импортқа тәуелділігін төмендетуге ықпал етеді. Жобаның әлеуметтік маңызы да зор. Жылыжай кешенінің алғашқы кезеңі іске қосылғанда 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Ал толық пайдалануға берілгенде 5 мыңға дейін адам жұмыспен қамтылады. Бұл – Шымкент сияқты халық саны қарқынды өсіп келе жатқан қала үшін ерекше маңызды көрсеткіш. Жаңа жұмыс орындары тек ауыл шаруашылығы саласындағы қызметкерлерді ғана емес, логистика, сауда және қызмет көрсету секторын да қамтитын болады. Өндірілген өнім ең алдымен қала халқының қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталады. Сонымен бірге, отандық нарықтағы тапшылықты азайту үшін Қазақстанның басқа өңірлеріне жеткізіледі. Артық өнім шетел нарығына экспортталып, елдің сауда балансын жақсартуға да үлес қоспақ. Бұл Қазақстанды аграрлық өнім өндіруші әрі экспорттаушы ел ретінде танытуға жол ашады.
Шымкент қаласының әкімдігі жобаға ерекше назар аударып отыр. Мемлекет басшысының инвестиция тарту және суды үнемдейтін заманауи технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмаларына сәйкес, әкімдік инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуде. Су ресурстарын тиімді пайдалану – бүгінгі ауыл шаруашылығының басты мәселелерінің бірі. Осы тұрғыда заманауи жылыжай кешені экологиялық тұрғыдан да тиімді болмақ. Компания жоба аясында қосымша өндіріс орындарын ашуды көздеп отыр. Атап айтқанда, жылыжай құрылысына қажетті металл конструкцияларын шығаратын зауыт Шымкентте салынбақ. Бұл құрылыс мерзімін қысқартуға және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, халықаралық стандарттарға сай ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын арнайы академия құру жоспарда бар. Мұндай білім беру орталығы кәсіби кадрлар даярлаумен қатар, агроөнеркәсіп кешенінің ғылыми-инновациялық дамуына жол ашады. Ауқымды инвестициялық жоба азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына, бағаның реттелуіне және жаңа өндірістердің ашылуына айтарлықтай ықпал етпек. Бұл – елдің экономикалық тәуелсіздігі мен халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам. Қорытындылай келе, Шымкенттегі жылыжай кешені тек өңірлік деңгейде ғана емес, ұлттық маңызға ие жоба болып отыр. Ол Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, импортты алмастыруға және аграрлық секторды жаңа технологиялық деңгейге көтеруге қызмет етеді.