АЗАМАТТАР НЕСИЕ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ ҚАТЫСТЫ КӨМЕК СҰРАП КЕЛДІ

Қазіргі қоғамда азаматтардың басым бөлігі қаржылық ұйымдармен тығыз байланыста өмір сүреді. Несие, ипотека, онлайн қарыздар қазіргі заманның күнделікті қажеттілігіне айналған. Алайда бұл жағдай көптеген адамдар үшін қиындықтар мен қаржылық қысым тудырып отырғаны жасырын емес. Осы тұрғыда «AMANAT» партиясы халықтың құқықтық сауатын арттыру мен қаржылық мәселелерін шешуге бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

Шымкент қаласында өткен «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясындағы қоғамдық қабылдау да осы бағыттағы маңызды іс-шаралардың бірі болды. Қабылдау барысында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Шымкент қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының басшысы Абылғазы Қалназаров азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдап, олардың өтініштерін мұқият тыңдады. Қабылдауға келген тұрғындардың көпшілігі банктік несиелер мен қарыздарға байланысты туындаған қиындықтарын айтты. Бұл мәселе бүгінде қоғамдағы ең өзекті тақырыптардың бірі екені белгілі. Кейбір азаматтар несиені уақтылы өтей алмау себебінен есепшоттарының бұғатталғанына, ал басқалары банктер тарапынан пайыздық мөлшерлемелердің жоғары екеніне шағымданды. Мәселен, қала тұрғыны Т.Спаев өзінің несиесін уақытында төлей алмағандықтан, есепшоттары бұғатталып, тұрмыстық қиындықтарға тап болғанын жеткізді. Бұл жағдай – қоғамдағы көптеген азаматтардың ортақ мәселесі. Абылғазы Қалназаров оның жағдайымен мұқият танысып, мәселені шешу жолдарын заң шеңберінде түсіндіріп берді. Ол қаржы ұйымдарының әрекеттері белгілі бір ережелер мен заң талаптарына сәйкес жүзеге асатынын атап өтіп, азаматтардың өз құқықтарын білуі – мұндай мәселелердің алдын алудың басты тетігі екенін айтты. Қоғамдық қабылдау барысында әрбір азаматқа жеке құқықтық кеңес беріліп, қаржы саласындағы проблемаларды шешудің нақты жолдары түсіндірілді. Бұл қабылдаулардың басты мақсаты – тек мәселені тыңдау емес, сонымен қатар азаматтарға құқықтық тұрғыдан бағыт-бағдар беру, олардың өз құқықтарын қорғауға қабілетті болуына ықпал ету.

«AMANAT» партиясының бастамасымен өткізіліп жатқан мұндай кездесулер – халықтың қаржылық сауатын арттырудың тиімді тетігіне айналуда. Себебі көп жағдайда азаматтардың қиын жағдайға тап болуы қаржылық келісімшарттардың шарттарын толық түсінбеуден немесе заңдық тұрғыда дұрыс ақпарат алмаудан туындайды. Сондықтан партияның қоғаммен байланыс орнатудағы басты мақсаты – азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру және оларды саналы шешім қабылдауға үйрету. Қабылдау соңында партия өкілдері осындай кездесулердің алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын жеткізді. Себебі әрбір өтініш – қоғамдағы өзекті мәселенің көрінісі. Азаматтардың өмір сапасын жақсарту үшін олардың проблемаларына уақытында назар аудару және заң аясында шешім ұсыну – «AMANAT» партиясының басты міндеттерінің бірі болып қала береді.