ӘРІПТЕСТІК БАЙЛАНЫС ЕҢБЕК ДАУЛАРЫН ШЕШУДЕ МАҢЫЗДЫ РӨЛ АТҚАРЫП КЕЛЕДІ

Өткен аптада Шымкент қаласында құқықтық мәдениетті дамыту және қоғамдағы әлеуметтік әділдікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам жасалды. Медиация орталығының директоры Салтанат Абдукаримова, Шымкент қалалық прокуратурасы және Жеке сот орындаушылары палатасы арасында үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат «Заң және Тәртіп» акциясының аясында жүзеге асырылып, елдегі құқықтық жүйенің тиімділігін арттыруға бағытталған бастама ретінде бағаланды.

Меморандумның басты мақсаты — даулы мәселелерді сотқа жеткізбей, медиация институтын пайдалану арқылы шешу. Бүгінде соттардың жүктемесі артып келе жатқаны белгілі, ал медиация дауларды бейбіт жолмен шешудің тиімді тетігіне айналып отыр. Құжатқа сәйкес, қалалық прокуратура мен сот орындаушылары өз тәжірибесінде туындайтын кейбір даулы жағдайларды медиацияға бағыттап, тараптарды өзара келісімге келтіруге ықпал етеді. Бұл қадам халықтың құқықтарын қорғауға және сот жүйесінің жүктемесін азайтуға септігін тигізеді. Айта кетерлігі, Шымкент қаласының Медиация орталығы бұған дейін де бірқатар әлеуметтік серіктестермен жұмыс істеп келеді. Соның ішінде кәсіподақтар орталығымен орнаған ынтымақтастық ерекше мәнге ие. Кәсіподақтар еңбек дауларын жиі қарастыратын ұйым болғандықтан, олардың медиациямен әріптестігі жұмысшылардың құқығын сотқа жүгінбей-ақ шешуге мүмкіндік береді. Бұл тәсіл жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы шиеленістерді өршітпей, екі тарапқа да тиімді шешім табуға жағдай жасайды. Мұндай тәжірибе әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға және еңбек қатынастарындағы әділеттілікті қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Құжатқа қол қою рәсімінде сөз сөйлеген Салтанат Абдукаримова екі бағыттағы серіктестіктің маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, прокуратура мен сот орындаушыларымен бірлескен жұмыс азаматтық істерді әділетті әрі жылдам шешуге жол ашса, кәсіподақтармен байланыс еңбек қатынастарында тепе-теңдікті сақтау үшін тиімді құрал болып отыр. Бұл өз кезегінде қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыруға және әлеуметтік келісімді нығайтуға қызмет етеді. Медиацияның артықшылығы – тараптардың уақытын да, қаржысын да үнемдеуі. Сот үдерісіне қарағанда бұл әдіс әлдеқайда икемді және психологиялық тұрғыда жеңіл өтеді. Тараптар өзара келісімге келу арқылы әрі қарайғы ынтымақтастықты сақтап қала алады. Сондықтан мемлекет те, азаматтық қоғам институттары да осы бағытты дамытуға ерекше назар аударып отыр. Шымкентте жасалған бұл үшжақты келісім заңдылық пен әділеттілікті нығайтудағы маңызды қадам ретінде бағалануда. Ол тек құқықтық жүйеге ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы тұрақтылық пен сенімнің артуына әсер етеді. Медиация арқылы шешілетін даулардың артуы әлеуметтік қарым-қатынастарды жақсартып, халықтың әділетке деген сенімін нығайтады.