ДЕПУТАТ АЗАМАТТАРДЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІН ШЕШУГЕ ЫҚПАЛ ЕТТІ

Қоғамдық мәселелерді шешуде халықпен тікелей байланыс орнату — билік пен партия жұмысының басты тетігі. Әсіресе, әлеуметтік әлсіз топтардың, көпбалалы аналардың және жастардың өтініштерін дер кезінде қарау қоғамдағы тұрақтылық пен сенімді нығайтады. Осы бағытта «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы тұрақты түрде азаматтарды жеке қабылдау жұмыстарын жүргізіп келеді.

Солардың бірі — қалалық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дария Қожамжарованың қатысуымен өткен қоғамдық қабылдау. Бұл қабылдау партияның «Құқықтық көмек» жобасы аясында ұйымдастырылды. Кездесу барысында тұрғындар негізінен әлеуметтік, құқықтық және білім беру саласындағы өзекті мәселелерін көтерді. Қоғамдық қабылдауға келген Самал-3 шағын ауданының тұрғыны өз баласының жоғары оқу орнына түскенімен, оқу ақысын төлеуге мүмкіндігі жоқ екенін айтып, көмек сұрады. Көпбалалы отбасы ретінде жеңілдік алу үмітімен келген азаматтың өтініші депутат тарапынан бірден назарға алынды. Дария Қожамжарова оқу орнының басшылығымен жедел байланысқа шығып, мәселенің шешілуіне ықпал етті. Нәтижесінде, университетте арнайы комиссия құрылып, жеңілдікке өтініштер қабылдау мерзімі 25 қыркүйекке дейін ұзартылды. Келесі өтінішті Жайлау шағын ауданының тұрғыны, көпбалалы ана жеткізді. Ол отбасындағы жанжалдың салдарынан ажырасу алдында тұрғанын айтып, болашақта балаларымен бірге баспанасыз қаламын ба деген алаңдаушылығын білдірді. Мұндай жағдайлар — әлеуметтік қолдауға зәру отбасылар арасында жиі кездесетін күрделі мәселелердің бірі. Дария Қожамжарова бұл мәселені мұқият тыңдап, заң шеңберінде кеңес беріп, әйелдің құқықтары мен мүмкіндіктерін түсіндірді. Сонымен қатар, тиісті мемлекеттік органдармен байланыс орнату бойынша бағыт-бағдар берді.

Бұл қабылдау — партияның қоғаммен ашық әрі адамға бағытталған саясат ұстанатынын тағы бір мәрте көрсетті. Себебі тұрғындар тек өтініш айтып қана қоймай, өз мәселесінің шешілу жолдарын түсініп, нақты көмекке ие болды. Әрбір азаматпен жеке сөйлесіп, олардың уайымын бөлісу — халық қалаулысының басты міндеті екенін депутат өз ісімен дәлелдеді. Қабылдау соңында барлық азаматтарға заң тұрғысынан түсіндірме беріліп, тиісті ұйымдар мен мекемелерге жолдама ұсынылды. Кейбір өтініштер сол мезетте шешімін тапса, күрделі мәселелер арнайы хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды. Бұл тәсіл партияның әрбір өтінішке жауапкершілікпен қарайтынын және нақты нәтижеге ұмтылатынын аңғартады.