КӘСІПОДАҚ ТӨРАҒАСЫ ЖАСТАРҒА БАҒДАР БЕРДІ

Шымкент қаласындағы №2 мектепте өткен ерекше кездесу жас ұрпақтың санасына еңбек пен заңның маңызын ұғындыруға арналды. «Заң үйірмесі» аясында ұйымдастырылған бұл шараға Кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Алтеев пен «Маида» медиация орталығының директоры Салтанат Абдукаримова қатысты. Кездесудің басты мақсаты – жастарды адал еңбекке, жауапкершілікке және құқықтық мәдениетке баулу болды.
Мектептің мәжіліс залына жиналған оқушылар мен ұстаздар шара барысында ашық пікір алмасып, қонақтардың өмірлік тәжірибесінен құнды ойлар алды. Бауыржан Алтеев жастармен әңгімесінде әр адамның өмір жолындағы басты қадам – мамандық таңдау екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, болашақ кәсібін дұрыс таңдау – тек табыс табу ғана емес, сонымен қатар қоғамға пайда келтіретін, адамға рухани қанағат сыйлайтын іс табу. Ол өз сөзінде «Өз ісіңді сүйіп, қоғамға пайдаңды тигізетін мамандық таңдасаңдар, сонда ғана шынайы бақытқа жетесіңдер» деп жастарды өз қабілеттеріне сеніп, еңбекқор болуға үндеді. Кәсіподақ төрағасы еңбек пен абыройдың, адалдық пен намыстың өзара байланысын түсіндіріп, әрбір жетістікке адал еңбек арқылы жетуге болатынын атап өтті. «Адал еңбек – бұл әр адамның абыройы, ар-намысы. Өмірдегі барлық жетістіктер адал еңбекпен келеді» деген Бауыржан Алтеевтің сөздері оқушылардың жүрегіне жол тапты. Ол жастарды жауапкершілік пен табандылыққа тәрбиелеудің маңызын айта келе, кәсіподақтардың басты міндеті – еңбек адамының құқығын қорғау және әділдік қағидатын ұстану екенін де тілге тиек етті. Баяндамашының ойынша, еңбекқорлық тек кәсіби табысқа жетудің жолы ғана емес, ол адамның өмірлік ұстанымының негізі. Осы тұрғыда ол жастарды ата-ананы құрметтеуге, үлкендерге ізет көрсетуге шақырды. «Ата-анаға және үлкендерге құрмет – кез келген жетістіктің бастауы. Үлкенге сыйластық – сіздердің рухани діңгектеріңізді қатайтады. Осындай құндылықтарды бойына сіңірген жастар ешқашан асығыс әрекетке немесе қылмысқа бармайды» деген оның сөздері жасөспірімдердің бойында адамгершілік қасиеттерді нығайтуға бағытталды.
Кездесу барысында сөз алған «Маида» медиация орталығының директоры Салтанат Абдукаримова да жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға мән берді. Ол өмірде кездесетін түрлі даулы жағдайларды тек заңды жолмен шешудің маңызын түсіндіріп, медиация мәдениетінің қоғамдағы рөліне тоқталды. Салтанат ханым жастарды кез келген мәселеде сабырлы болуға, өзара түсіністік пен келісім арқылы шешім табуға шақырды. Оның пікірінше, дауды өршітпей, бейбіт жолмен шешу – парасатты адамның белгісі. Бұл кездесу оқушылар үшін тек заң туралы дәріс емес, өмірлік құндылықтар жөніндегі тағылымды сабаққа айналды. Қатысушылар еңбекқорлықтың, әділдіктің және өзара сыйластықтың өмірдегі ең басты қасиеттер екенін ұғынды. Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың санасына дұрыс бағыт беріп, олардың бойында жауапкершілік пен азаматтық ұстанымды қалыптастыруға үлкен үлес қосады.