ЖАСТАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қоғамдағы әлеуметтік әділеттілік пен азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру — мемлекеттің басты мақсатының бірі. Бұл бағытта саяси партиялардың, әсіресе елдің ең ірі саяси ұйымы — «AMANAT» партиясының рөлі айрықша. Партияның бастамасымен ел көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Құқықтық көмек» жобасы азаматтардың түрлі әлеуметтік және құқықтық мәселелерін шешуге бағытталған тиімді алаңға айналып отыр.
Шымкент қаласында өткен соңғы қабылдаулардың бірі осының нақты дәлелі бола алады. Қалалық мәслихат депутаты, партия фракциясының мүшесі Шыңғыс Қозбахов партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінде тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады. Кездесуге келген азаматтардың басым бөлігі инфрақұрылым, әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту бағытындағы проблемаларын жеткізді. Әрбір өтініштің артында нақты адам тағдыры тұрғанын түсінген депутат олардың мәселесін жеке-жеке қарап, барынша түсіністікпен қарады. Мысалы, қала тұрғыны Рахметулла Халниязұлы зейнетақысының аз мөлшерде түсетініне шағымданды. Алайда, өз сөзінше, өмір бойы ресми түрде еңбек етпеген. Бұл жағдайда депутат оған заң нормалары бойынша тек базалық зейнетақы тағайындалатынын түсіндіріп, мемлекеттік жүйенің жұмыс істеу тәртібін ашып көрсетті. Қабылдау барысында көтерілген тағы бір өзекті мәселе — жастарды жұмыспен қамту болды. Көпбалалы ананың жұмыссыз жүрген ұлына қатысты өтінішіне депутат ерекше назар аударып, жас азаматты еңбекке тартуға көмектесетінін жеткізді. Сонымен қатар, кездесуге келген бірнеше отбасы материалдық тұрғыдан көмек сұрап келген. Әлеуметтік жағдайы төмен азаматтардың өтінішін мұқият тыңдаған Шыңғыс Қозбахов оларға жеке қаражаты есебінен бір реттік қаржылай қолдау көрсетті. Бұл қадам депутаттың азаматтарға деген жанашырлығын және партия өкілдерінің халық алдындағы жауапкершілігін көрсетеді. Мұндай қоғамдық қабылдаулар — жай ғана әкімшілік рәсім емес, шын мәнінде қоғамдағы сенім мен өзара түсіністіктің нығаюына ықпал ететін маңызды диалог алаңы. Тұрғындар өз мәселесін ашық айтуға мүмкіндік алады, ал билік өкілдері мен депутаттар халықтың нақты жағдайымен танысады. Бұл өз кезегінде шешім қабылдау сапасын арттырып, партияның халыққа жақын болу қағидатын нақты іспен дәлелдейді.
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының бастамасы осылайша тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуде нақты нәтижеге бағытталған тұрақты тәжірибеге айналды. Мұндай қабылдаулардың тұрақты түрде өткізілуі — партияның қоғам алдындағы ашықтығы мен жауапкершілігінің айғағы. Жалпы әрбір азаматтың мәселесіне бейжай қарамай, шынайы көмектесуге ұмтылған депутаттар мен партия өкілдерінің еңбегі қоғамда сенім атмосферасын қалыптастыруға қызмет етеді. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыруға бағытталатыны анық.