ЖАСТАРМЕН КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыру – қоғамның болашағын нығайтудың маңызды шарттарының бірі. Бүгінгі таңда еңбекке енді қадам басқалы тұрған жастар үшін мамандық таңдау, еңбек құқығын білу және заң бұзушылықтың алдын алу тақырыптары өзекті болып отыр. Осы бағытта Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Соның айғағы ретінде орталық төрағасы Бауыржан Алтеевтің №34 Ю.А. Гагарин атындағы орта мектепке жасаған сапарын атауға болады.

Кездесудің негізгі мақсаты – «Заң үйірмесі» аясында жоғары сынып оқушыларымен еркін сұхбат құрып, олардың еңбек құқығына қатысты сауаттылығын арттыру, кәсіби бағдар беру және құқықтық мәдениетті қалыптастыру. Бауыржан Алтеев өзінің сөзінде еңбекке араласудың алғашқы қадамдары мен дұрыс мамандық таңдаудың маңызын ерекше атап өтті. Ол оқушыларға кәсіподақтардың еңбек адамының құқығын қорғаудағы рөлін түсіндіріп, жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы қарым-қатынастың заңды негіздерін жан-жақты баяндады. Кездесу барысында бірнеше маңызды бағыт қамтылды. Алдымен, мамандық таңдауға қатысты ой қозғалды. Төраға әрбір жастың өз қабілеті мен қызығушылығына сай мамандық таңдауы керектігін айта отырып, қазіргі еңбек нарығында жұмысшы мамандықтарына деген сұраныстың артып келе жатқанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, әрбір мамандықтың қоғам дамуына қосар үлесі бар, сондықтан оқушылар болашақта тек мәртебелі кәсіптерді ғана емес, сұранысқа ие салаларды да назарға алуы қажет. Еңбек құқығына қатысты түсіндірме де оқушылар үшін аса пайдалы болды. Әрбір жас маман жұмысқа орналасар кезде еңбек келісімшартының талаптарын, жұмыс уақыты мен демалыс тәртібін, еңбекақы төлеу жүйесін жақсы білуі тиіс. Бұл білім болашақта құқықтық тұрғыдан қорғанысқа мүмкіндік береді. Осы орайда кәсіподақ ұйымдарының еңбек қатынастарында азаматтарға консультация беріп, заң бұзушылықтар орын алған жағдайда нақты көмек көрсететіні айтылды.

Сонымен қатар, Бауыржан Алтеев заң бұзушылықтың алдын алу мәселесіне де тоқталды. Құқықтық сауаттылық – кез келген келеңсіздіктің алдын алудың басты құралы. Кәсіподақтар еңбек дауларын сотқа жеткізбей, медиаторлық тәсіл арқылы шешуге атсалысады. Мұндай әдіс еңбек ұжымындағы келіспеушіліктерді тиімді әрі тез арада шешуге мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, жастар үшін құқықтық мәдениеттің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Кездесу соңында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікірлерімен бөлісті. Олар кәсіподақтың еңбек құқығын қорғаудағы және жастарға кәсіби бағыт-бағдар берудегі рөліне ризашылықтарын білдірді. Бұл сұхбат оқушылардың еңбекке деген құрметін арттырып қана қоймай, олардың болашаққа сеніммен қарауына да ықпал етті.