ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №92 жалпы орта білім беретін мектебінде “Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясындағы “Шабыт” жобасы бойынша ұстаздарға арналған ерекше мерекелік іс-шара өтті. Мұғалімдер күніне орай ұйымдастырылған бұл кешті педагог-ұйымдастырушы және аға тәлімгердің жетекшілігімен Мектеп Парламентінің “Өзін-өзі басқару” ұйымының белсенді мүшелері өткізді. “Ұстазым — ұлағатым, үлгі-өнегем!” атты мерекелік шара білім мен парасаттың, ізгілік пен мейірімнің мерекесіне айналды.
Іс-шараның басты мақсаты – ұстаздардың қоғамдағы орнын дәріптеу, олардың еңбегін бағалау және оқушылардың бойында ұстазға деген құрмет пен алғыс сезімін қалыптастыру болды. Ұстаз – адам өміріндегі ең маңызды тұлғалардың бірі. Ол тек білім беруші ғана емес, рухани тәрбиеші, адамды адам етіп қалыптастырушы тұлға. Сондықтан да мұндай мерекелік шаралар оқушыларды ізгілікке, ұстаз еңбегін қадірлей білуге баулиды. Мерекелік іс-шара мектептің салтанатты залында жоғары деңгейде өтті. Оқушылар өз ұстаздарына деген алғыстарын өлең жолдары, ән мен би, көрініс және жүрекжарды тілектер арқылы білдірді. Әрбір сыныптың дайындаған нөмірі ұстаздарға қуаныш сыйлап, мерекенің шырайын кіргізді. Шараның шымылдығын мектеп парламенті мүшелерінің арнау сөзі ашып, олар ұстаздарға деген шексіз құрмет пен ризашылықтарын білдірді. Кеш барысында оқушылар ұстаздардың еңбегін жоғары бағалайтын көріністер қойып, ұстаз мамандығының қадір-қасиетін сахна арқылы көрсетті. Әсіресе жас оқушылардың ұстаздарына арналған өлеңдері мен арнау сөздері залда отырған мұғалімдердің көңілін толқытты. “Ұстазым, менің шамшырағым”, “Сізге мың алғыс!” секілді әсерлі сөздер кештің рухани маңызын арттыра түсті.
Бұл шараның ерекшелігі – оны оқушылардың өздері ұйымдастырып, жүргізуінде. “Өзін-өзі басқару” ұйымының мүшелері өздерінің жауапкершілігі мен белсенділігін көрсетті. Олар мерекелік бағдарламаны жоспарлап, безендіру мен сценарий дайындауға белсенді қатысып, ұстаздарына ерекше сыйлық жасауды мақсат етті. Бұл өз кезегінде оқушылардың көшбасшылық, ұйымдастырушылық және шығармашылық қабілеттерін дамытты. Мерекелік кеш барысында педагогтарға арналған түрлі марапаттар мен алғыс хаттар табысталды. Ұстаздар ұжымының еңбегі мен табандылығы атап өтіліп, олардың шәкірт тәрбиелеудегі рөлі ерекше аталды. Әсіресе мектеп басшылығы жас ұстаздарға сенім білдіріп, олардың еңбегін бағалау – келешекке деген үлкен үміттің белгісі екенін айтты. “Шабыт” жобасы аясында өткізілген бұл іс-шара тек мереке емес, сонымен қатар тәрбие мен рухани құндылықтың көрінісі болды. Мұндай жобалар жас ұрпақты адалдыққа, еңбексүйгіштікке, құрмет пен ізгілікке тәрбиелейді. “Адал азамат” бағдарламасының мәні де осында – оқушыларды адамгершілік пен парасатқа баулу, қоғамда өз орнын таба білетін саналы тұлға қалыптастыру.