АВТОМАТТАНДЫРЫЛҒАН КІРПІШ ЗАУЫТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысында құрылыс индустриясын жаңа деңгейге көтеретін маңызды өндіріс орны іске қосылды. Ордабасы ауданының Ықыластемір елді мекенінде «Altyn land» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің автоматтандырылған қыш зауыты жұмысын бастады. Бұл жоба өңір экономикасына тың серпін беріп, жергілікті халық үшін жаңа мүмкіндіктердің көзіне айналмақ.

Жаңа зауыттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, кәсіпорын ұжымын тарихи сәтпен құттықтап, өндіріс ұжымының жұмысына сәттілік тіледі. Аймақ басшысы өз сөзінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық өнім өндірушілерді қолдау туралы тапсырмаларының аясында осындай жобалардың ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Нақтырағы «Бүгін біз заманауи және инновациялық кірпіш зауытының ашылуына куә болып отырмыз. Бұл – жай ғана өндіріс нысаны емес, бұл – біздің бірлескен еңбегіміздің, нақты стратегиялық жоспарларымыздың нәтижесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жергілікті өнім өндірушілердің әлеуетін барынша пайдалану маңызды. Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қолдайды», деп атап өткен болатын. Бұл бағытта Түркістан облысында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінде біз қысқа мерзімде салынып, іске қосылған зауыттың нақты жемісін көріп отырмыз. Бұл – жергілікті атқарушы органның, инвесторлардың және барлық мүдделі тараптардың тиімді іс-қимылының нәтижесі. Өндіріс шағын және орта бизнестің дамуына, салық түсімдері мен жергілікті бюджеттің нығаюына үлес қосады. Осы кәсіпорын облысымыздағы құрылыс саласының дамуына серпін беретін маңызды нысан болатынына сенімдімін» деді Нұралхан Оралбайұлы. Зауыттың құрылыс жұмыстары 2024 жылдың сәуір айында басталып, небәрі бірнеше айдың ішінде толық аяқталды. Бұл өңірдегі инвестициялық климаттың қолайлы екенін және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау тетіктерінің тиімділігін дәлелдейді. Жобаның жалпы құны – 2,3 миллиард теңге. Нысан жеке кәсіпкердің қаражаты есебінен салынған. Қазіргі таңда зауытта 120 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл ауыл тұрғындары үшін тұрақты табыс пен әлеуметтік тұрғыдан маңызды қолдау болып отыр. 3 гектар аумақты алып жатқан өндіріс орнында жылына 90 миллион дана кірпіш шығарылмақ. Қазірдің өзінде алғашқы сынама өнім түрлері дайындалып, сапасы тексерілуде.

Кәсіпорынның басты ерекшелігі – өндіріс процесінің толық автоматтандырылғандығы. Зауытта инновациялық Қытай технологиясы енгізілген және жылжымалы туннельді пеш жүйесі қолданылады. Бұл жүйе өнім сапасын арттырумен қатар, өндіріс тиімділігін бірнеше есе жоғарылатады. Мұндай технологиялар кірпіштің біркелкі күйдірілуін қамтамасыз етіп, энергияны үнемдейді. Зауыт экологиялық жағынан да тиімді шешімдерге сүйеніп жұмыс істейді. Кірпіш күйдіру процесінде газ отыны пайдаланылады, бұл атмосфераға бөлінетін зиянды қалдықтардың мөлшерін едәуір азайтады. Осылайша, кәсіпорын экологиялық қауіпсіз өндіріс стандарттарына толық сай келеді. Мамандардың айтуынша, жаңа зауыттың іске қосылуы өңірдегі құрылыс индустриясына үлкен серпін береді. Түркістан облысы соңғы жылдары қарқынды құрылыс алаңына айналғаны белгілі. Жаңа тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым жобаларының саны жыл сайын артып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, жергілікті жерде өндірілетін сапалы кірпішке деген сұраныс жоғары. Жоба іске қосылғаннан кейін аймақтың құрылыс материалдарына деген қажеттілігінің бір бөлігі өз ішінде өтеледі. Бұған дейін кірпіштің бір бөлігі өзге облыстардан жеткізілсе, енді Түркістан өңірі өз қажеттілігін өзі қамтамасыз етіп қана қоймай, көршілес аймақтарға да өнім жеткізу мүмкіндігіне ие болмақ.

Сонымен қатар, зауыттың жұмыс істеуі жергілікті кәсіпкерлік пен қосалқы салалардың дамуына да ықпал етпек. Өндірістің айналасында тасымал, логистика, қызмет көрсету сынды қосымша бағыттар қалыптасады. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын көбейтіп, ауыл экономикасын нығайтуға жол ашады. «Altyn land» ЖШС басшылығының айтуынша, алдағы уақытта кәсіпорын өндіріс көлемін арттырып, экспорт бағытын да дамытуға ниетті. Ол үшін зауыт қуаттылығын ұлғайту, жаңа өнім түрлерін шығару және сапаны халықаралық стандарттарға сәйкестендіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Жалпы Түркістан облысында соңғы жылдары индустриялық-инновациялық даму бағытында көптеген жобалар іске қосылды. Солардың бірі – осы заманауи кірпіш зауыты. Бұл жоба өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, кәсіпкерлік ортаны жандандыруға айтарлықтай үлес қосады.